3.3 C
Шымкент
Пятница, 22 ноября, 2024
Smarttop.kz

22 жасында «Елеулі еңбегі үшін, Ел ардақтысы» медалін иеленген ақынжанды полицей

Жігітке жеті өнердің өзі аздық етеді. Ал біздің бүгінгі кейіпкеріміз полиция аға лейтенанты Думанжан Тұрсынбай өнерін өрге жүздіріп, қоғамға әр қырынан ат салысып жүрген жандардың бірі. Қазіргі таңда Мақтаарал АПБ ЖПҚ Кәмелетке толмағандар ісі жөніндегі учаскелік полиция инспекторының бұл салаға деген қызығушылығы мектеп жасында-ақ оянған. Жастайынан қоғамдық жұмыстарға белсене араласып, өзінің жан-жақты қырын көрсете білген алғыр жігіт мектептен түлеп ұшқан шақта да спорт пен шығармашылығын қатар алып жүрді. Спорттың еркін күрес, қолкүрес түрлерінен әбден шыныққан Думанжан өзінің мықтылығын талай мәрте дәлелдеп, облыстық, республикалық жарыстардың жүлдегері атанған. Тіпті әлі күнге бұл спорт түрлерінен Мақтаарал ауданында жеңіс тұғырынан түспей, аймақтың бетке ұстар спортшыларының алдыңғы қатарында тұр. Ал шығармашылық қырына келсек, жас түлек алғаш Шырақбек Қабылбаев атындағы Қостанай академиясына оқуға барған сәттен-ақ ақындық таланты қанатын кеңге жайды. Академияда оқып жүрген шағында түрлі тақырыптағы өлеңдері мен мақалалары газет-журналдарда, әлеуметтік желілерде жарық көрген. Бұған қоса руханият саласына да өз үлесін қоспақ ниетпен академиядағы дарынды жастарды бір жерге жинап, шығармашылық орта құрды. Мұндай еңбектері әділ бағаланып, кейін республикалық «Ұстаз жолы» қоғамдық қорының атынан «Елеулі еңбегі үшін, Ел ардақтысы» медалімен де марапатталған.
Осыншама өнерді бойына жинаған талантты жігіттің алдынан сан-тарау жол кездессе де бәрібір полиция қызметіне деген қызығушылығы ерекше болды. Және алға қойған мақсатын құқық қорғау саласымен тікелей байланыстырды. Ол 2019 жылы академия түлегі атанған соң, көліктегі Полиция департаменті Петропавл станциясындағы желілік полиция бөлімінде алғаш қызметін бастады. Бұл қызметті абыроймен атқарып, 2 жылда жинаған тәжірибесімен 2021 жылы туған жері Мақтааралға қайта оралды. Содан бері аймақтағы жасөспірімдердің қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, тұрғындардың тыныштығын күзетіп, тынбай еңбек етуде. 24 жастағы аға лейтенант жас та болса оқығаны мен тоқығаны көп десек артық айтқандық емес. Қаламын қолынан тастамайтын ақынжанды полицей ерлігімен есте қалған батырларымыздың даңқын асқақтатып, қаһармандардың есімдерін дәріптеп, әр мерекеде жыр жазудан жалыққан емес. Жақында ғана Ұлы жеңіс мерекесіне орай «қанатты қыз» атанған әйгілі ұшқыш ару, Кеңес одағының батыры, Халық қаһарманы Хиуаз Доспановаға арнаған жап-жаңа туындысы жарық көрді. Міне жастарға тек құқықтық тәртіпті ескерте бермей, рухани тұрғыдан сәл де болса бағыт-бағдар көрсететін Думанжандай сақшылардың қоғамға тигізер пайдасы көп.
Тұрсынбайдың немересі жөнінде біздің айтарымыз мұнымен бітпейді. Себебі әріптестері бұл жігіттен зор үміт күтетіндерін айтып, оның нағыз білікті маманға айналып келе жатқандығын алға тартады. Ендеше палуан, ақын, полицей Думанжанның әрдайым жеңістің тұғырынан көрініп, қаламынан небір керемет туындылар жарық көріп, абыройлы қызметте дәрежесі жылдан-жылға биіктей берсін демекпіз.

Ұқсас ақпараттар

ШЫМКЕНТТІК СПОРТШЫМЫЗ КОМАНДАЛЫҚ ЕСЕПТЕ АЗИЯ ЖЕҢІМПАЗЫ АТАНДЫ!

smarttop

«ДЕНСАУЛЫҒЫҢДЫ БАҒАЛА» АКЦИЯСЫ СУДЕНТТЕРДІ ТЕКСЕРУДЕН ӨТКІЗДІ

smarttop

КОММУНАЛДЫҚ ҚЫЗМЕТ ТАРИФТЕРІ ТҰРАҚТЫ

smarttop

Пікір қалдыру