Қаламыздың көлік инфрақұрылымында жол қозғалысын реттеу мақсатында кешенді шаралар жүзеге асырылуда. Темірлан тас жолы мен Бәйдібек би көшесінің қиылысын Алпысбаев көшесіне қосу арқылы көлік кептелісін азайту жоспарланған. Жоба аясында — 56 түп ағашты кесу, инженерлік желілердің орнын ауыстыру және жер телімдерін мемлекет меншігіне алу қарастырылған. Жобаның болжамды құны 600 миллион теңгені құрайды.
Алайда, қалалық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы бұл жобаны қайта қарап, жасыл желекті сақтау мен бюджет қаражатын үнемдеу мақсатында тиімді шешім қабылдады. Құны 45 миллион теңге болатын жаңа жоба бойынша, жолдың белдеуін бұру арқылы көлік қозғалысын реттеу жүзеге асырылды. Бұл шара жасыл желекке зақым келтірмей, қаладағы экологиялық тепе-теңдікті сақтап қалуға мүмкіндік берді. Жөндеу жұмыстары барысында жол таңбалары сызылып, жиек тас орнатылды. Сонымен қатар, жаңа аяқ жол салынып, жарықшамдар орнатылды. Оң жақ өткел қосымша жолағымен кеңейтіліп, көлік қозғалысы үшін қолайлы жағдай жасалды.
Еске сала кетейік: Қазақстанның бірегей географиялық артықшылықтары мен жүк тасымалының тұрақты өсімін ескере отырып, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев көлік-логистикалық әлеуетті дамытуды Үкімет жұмысының негізгі басымдықтарының бірі ретінде белгіледі.
«Қазір әлемде жаңа экономикалық кеңістік қалыптасып жатыр. Қытайдан Еуропаға, Ресейге, Орталық Азияға және осы аймақтардан Қытайға жіберілетін тауар көлемі айтарлықтай көбейеді деген болжам бар. Қазақстан солтүстік пен оңтүстікті, батыс пен шығысты байланыстыратын жаһандық жолайрықта орналасқан. Бұл біздің елімізге зор мүмкіндік беріп отыр. Сондықтан көлік-логистика саласы экономикамызды алға бастайтын басты күштің біріне айналуға тиіс», — деді ел Президенті халыққа Жолдауында.