Елімізде құқық қорғау саласын өз қалауымен таңдап, Қазақстан полициясына адал қызмет етемін деп келетін патриот жастардың саны артып келеді. Бүгінгі біздің тақырыбымызға арқау болып отырған кейіпкерлеріміз ТО ПД Созақ АПБ Жергілікті полиция қызметінің учаскелік полиция инспекторы полиция аға лейтенанты Данияр Ыбраш пен Созақ АПБ Көші-қон қызметі тобының Халықты құжаттандыру және тіркеу бөлімінің инспекторы полиция аға лейтенанты Назым Мадиомар. Ола𠬬- қызметте де, өмірде де жолдары бір арнаға тоғысып, жұптары жарасқан жас отбасы. Екеуі де ҚР ІІМ М. Есболатов атындағы Алматы академиясын үздік бітірген, білікті маман. Данияр аталған оқу орнында 2015-2019, ал Назым 2016-2020 жылдар аралығында білім алған. Содан оқуды ойдағыдай тәмамдаған соң лейтенант шенін алған жас мамандар құқық қорғау саласындағы алғашқы қызметін Созақ аудандық полиция бөлімінде бастады. Және осы бөлімде қызмет ете жүріп, екі аға лейтенант некелерін қидырып, шаңырақ көтерді. Қазіргі таңда жас полицейлер өмірінің мәніне айналған құқық қорғау саласында күні-түні жұмыс істеп, жалпы қоғам үшін маңызды міндеттерді орындап жүр.
-«Созақ АПБ-да қызмет атқарып жүріп, бір күнде жас полицейлер жанұясына айналып шыға келдік. Әрине саламыз бір болған соң уақытымыздың көп бөлігі жұмыста өтеді. Полицияның қызметі қандай екенін екеумізде жақсы білетіндіктен, қандай жағдай болса да бір-бірімізге түсіністікпен қараймыз. Себебі қазір біз жастық отымыз жалындап, полиция жұмысының жандануына дем береміз, тәжірибемізді жетілдіреміз деп келген ынталы жастармыз. Барлығы еңбекпен келетініне иланып, мүмкіндігінше полицейлердің ел алдындағы дәрежесін бұдан да жоғары биікке көтеруге, моралдық, физикалық күшімізді пайдаланып, барынша тырысып жатырмыз»,-дейді аға лейтенанттар.
Міне солай ерлі-зайыпты полицейлердің бірі азаматтардың қоғамда қауіпсіз өмір сүруін бақылап жүрсе, ал екіншісі азаматтардың заңды түрде құжаттануын қадағалап, өз қызметтерін адал атқаруда. Айта кететін бір жайт Данияр академияда біршама спорттық жетістіктерге қол жеткізіп, тіпті «Әскери самбо» күрес түрінен спорт шебері де атанған екен. Қазіргі таңда қолы жұмыстан босай қалса, физикалық қабілетін шыңдап, дайындығын да пысықтап отырады. Ендеше мамандық таңдаудан да, жар таңдаудан да қателеспеген жас отбасының шаңырағына бақыт, алдағы қызмет жолдарына сарқылмас күш-жігер мен сәттілік тілейміз!