Шымкентте 37 су бұрқақ бар. Олар толығымен консервациядан шығарылып, 35 су бұрқақ бекітілген кестеге сәйкес тұрақты жұмыс істеп тұр. Бұл туралы Шымкент қалалық жайлы ортаны дамыту басқармасының бас маманы Әуесбек Әзбердіұлы мәлімдеді.
Биыл жыл бойы субұрқақтар мен ұңғымаларды күтіп ұстауға жарияланған конкурста мердігер мекеме «Dim Nur Company» ЖШС-і жеңімпаз атаныпты. Бүгінде компания су бұрқақтарға күтім жасау жұмыстарын бастап кеткен.
Тәуелсіздік және Абай саябағындағы су бұрқақтардың сорғы құрылғысының істен шығуына байланысты жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Оншақты күнде қала тұрғындары бұл субұрқақтарды да саялай алады. Қалған 34 су бұрқақ сағат 08.00-10.00, 12.00-16.00, 17.00-22.00 аралығында қосулы тұрады. Барлық су бұрқақтың жұмысы автоматтандырылған. Дейтұрғанмен, су сорғы қызметіне шамадан тыс күш түсіп, күйіп кетпеуі үшін арнайы кесте негізінде жұмыс істейді,- дейді маман.
Алғашқы он күндікте су бұрқақтардың кестеге сай жұмыс істеуі қадағаланбақ. Одан әрі кейбір нысандарға ағымдағы әрлеу жұмыстары жүргізіледі. Қазіргі уақытта ерекше күтім қажет су бұрқақтар зерделеніп жатыр. Сондай-ақ, күннің ысуына байланысты бүлдіршіндер онда суына шомылып жатады. Алайда, ол өте қауіпті. Себебі, қаладағы су бұрқақтардың су сорғысы, жарығы барлығы электр энергиясымен жұмыс істейді. Техникалық ақаулар туындаған жағдайда адам өміріне қауіп төндіретіні анық. Сондықтан барлық нысанға ескерту белгілері орнатылды. Енді ата-аналардың қадағалауы маңызды.
— Тәуелсіздік және Абай саябағындағы су бұрқақтың сорғы құрылғысы күйіп кетуіне байланысты уақытша тоқтатылды. Қазіргі таңда жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Таяу күндері су бұрқақ іске қосылады. Сонымен қатар, қала тұрғындары су бұрқақтарға шомылуға тыйым салынғанын назарда ұстаса дейміз. Әр нысанның жанына «су бұрқаққа шомылуға тыйым салынған» деген жазуы бар арнайы тақтайшалар орнатылған, — дейді Ә.Опабек.
Айта кетейік, қаладағы 37 су бұрқақтың 3-еуі әуенді. Олар Тәуелсіздік саябағында, Әкімшілік іскерлік орталықта және Этносаябақта орналасқан.