Қаратау ауданының әкімі Рақымберді Мүлкеманов аудандық Төтенше жағдайлар басқармасының жұмысымен танысты. Кездесу барысында аудандық Төтенше жағдайлар басқармасының басшысы Е.Тасқараев жұмыс барысында тұрақты қолданылатын арнайы техникалардың дайындығын көрсетті. Бұл туралы Қаратау ауданы әкімінің баспасөз қызметі хабарлады. Аудандағы төтенше жағдайлар комиссиясының, авариялық-құтқару қызметтері мен ерікті өрт сөндіру құрылымдарының күштері мен құралдарының төтенше жағдай орын алғанда жасайтын іс-әрекеттерге дайындығын бағалау мақсатында өткен оқу-жаттығу шарасына аудан әкімі арнайы қатысты. Аудан әкімі азаматтық қорғаныс саласындағы қызметтердің апат болған жағдайға дайындық барысын жеке-жеке тексеріп, олардың дайындығына көз жеткізді.
Апат айтып келмейтіндігін ескерткен аудан басшысы апаттың алдын-алу, жұмылдыру даярлығын жүйелі жүргізудің өзектілігіне тоқталып, тиісті сала өкілдеріне теориялық білімдерін жетілдіріп отырудың маңыздылығын ерекше атап өтті.
Сондай-ақ, аудан басшысы алдағы уақыттарда да мұндай оқу-жаттығу жиындарын жүйелі түрде өткізуді ұсынып, сала басшыларына нақты тапсырмалар берді.
Аудан әкімі жаз маусымында өзен-көлдерде орын алатын төтенше жағдайлардың алдын алу мақсатында жұмысты пысықтауды тапсырды. Құтқару және өрт техникаларының саны және сапасына жиі сын айтылып жатады, өртке қарсы қолданылатын арнайы мақсаттағы техникалардың сапасының жақсаратын жеткізді. Бүгінгі күні өрт-құтқару бөлімшелердің техникалық қайта қарулануы бойынша белгілі нәтижелерге қол жеткізілді, бұл, сөз жоқ, жедел ден қою және халыққа қызмет көрсетудің сапалы көрсеткіштерін жоғарылатуға міндетті түрде әсер етеді. Е.Тасқараев құзырлы мекемелермен бірге қаратаулықтарға түсіндіру жұмысы жүргізіліп, арнайы қадамдық бағыттар көрсетілген нұсқаулықтар таратылғанын мәлімдеді. Сонымен қатар, ауданға қарасты дала алқаптарындағы өрттің алдын алу жұмысының барысы тексерілді.