Бүгінгі кейіпкерлеріміз Шымкент қаласының тұрғындары Айгерім Ережепова мен Азиз Бакибаев. Айгерім Ережепова көпбалалы ана . Жасы 32-де. Мамандығы — дизайнер. 6 жылдан бері тігіншілікпен айналысып келеді.
2022 жылдың басында қалалық жұмыспен қамту орталығының Instagram парақшасынан сәуір айында мемлекеттік грантқа құжат қабылдаудың басталатындығы туралы хабарландыруға көзі түскен ол тұрғылықты мекенжайы бойынша көпбалалы санатымен тиісті құжаттарын өткізеді. Уақыты келгенде арнайы комиссияның алдында бизнес жоспарын сәтті қорғап, оған грант (400 АЕК) тағайындалған.
Алған қаражатына заманауи үлгідегі цифрлы тігін машинасын, ноутбук және т.б. қажетті құрал-жабдықтарды сатып алады.
Қазіргі таңда кәсіп иесі тапсырыспен түрлі бұйымдарды тігуде. Тіпті instagram-нан парақшасын да ашқан.
— Адам алдына қойған мақсатына жету үшін әрекет етуі керек. Еңбектенуі тиіс. Сонда ғана қандай да бір жетістікке қол жеткізе алады. Көпбалалы аналарға, мүмкіндігі шектеулі жандарға, жастарға мемлекеттің қолдауы көп. Соның бірі — мемлекеттік грант. Жеке, шағын кәсібін бастауға зор мүмкіндік. Сондай мүмкіндік маған да туды, — дейді Айгерім Ережепова.
Екінші кейіпкеріміз: «Қимылдаған қыр асар» деген қағиданы ұстанатын қала тұрғыны Азиз Бакибаевтың өз шеберханасы бар. ІІ топтағы мүгедектігі бар азамат денсаулығын алға тартатын жан емес. Азиздің қолынан келетін ісі – көлік жөндеу, ұрылған көліктерді түзеу, сырлаумен айналысу. Бастапқыда цех ашу үшін құрал-жабдықтардың керегі айтпаса да белгілі.
– «Атамекен» палатасында кәсіпкерліктің негіздерін оқып, серификатқа ие болдым. Бизнес-жоспарымды қорғау қиын болған жоқ. Өйткені, бұл менің сүйікті кәсібім болатын. Грант алып, көлікті жөндеуге қажетті құрал-жабдық сатып алдым. Қазір 3-4 адамды жұмыспен қамтып отырмын. Енді, екінші шеберханамды ашу жоспарымда бар. Бұл ісім нәтижесін берсе, онда 3-4 азаматқа жаңа жұмыс орны ашылады, — дейді шебер Азиз.
«Бизнес бастау» кәсіпкерлік негіздеріне оқыту жобасының мақсаты – өзін-өзі жұмыспен қамтыған және жұмыссыз халықты кәсіпкерлікпен айналысуға тарту арқылы экономикалық белсенділігін арттыру. Олай болса, аталған жоба үшінші мегаполисте өз тиімділігін көрсетіп, кәсібін дөңгелеткендер қатары артып келеді.
8 тамыздан бастап қайтарымсыз гранттар алуға өтінімдер қабылданады. Ендеше, кәсіп ашуға ниетті жандарға бизнес-жоспарыңды жүзеге асыруға асық дегіміз келеді.