Шымкентте заманауи үлгідегі спорт және балалар ойын алаңшасы салынып, ескілері қайтадан жаңғыртылуда.
Қала басшысы М.Әйтенов Әл-Фараби ауданына қарасты Түркістан көшесінде орналасқан көп қабатты үй аулаларына орнатылып жатқан жаттығу элементтері мен ойын алаңдарын көріп, тұрғылықты халықпен кездесті.
Әл-Фараби алаңы №1А/ Түркістан көшесі №2/3, 2/7 көп қабатты үй ауласындағы спорт алаңшасын жөндеу жұмыстары шілде айында басталып, қазіргі таңда оның 90% орындалды.
Ал балалар ойын алаңшасының құрылыс-монтажы тамызда басталған, бір айда жұмыстар толық аяқталып, пайдалануға берілмек.
-Спорт қолжетімді болғанда ғана бұқаралық сипат алады. Ал, бұқаралық спортты дамытумен ұлт саулығын нығайта түсеріміз анық. Ол үшін бар мүмкіншілікті пайдалана отырып аулаларымызды дамыта бермекпіз,- деді шаһар басшысы. Бұқаралық спорт дегеніміздің өзі – спортпен жүйелі шұғылданатын адамдар мен спорт түрлерінің дамуы. Экономикалық тұрғыдан дамыған елдер бұл көрсеткішті 30 және одан да көп пайызға жеткізуге ұмтылуда. Саламатты өмір салтын насихаттап, халықты спортқа тарту аса маңызды. Мұның адамның бойына күш-қуат құйып, рухани болмысын жаңғыртатын бірден-бір амал екені даусыз. Қазір бізде, Қазақстанның барлық өңірлерін қосқанда, жыл сайын 20 мыңнан астам спорттық шаралар өткізіледі. Бірақ, бұл – аз, жер-жерде: ауылдарда, үлкенді-кішілі қалаларда, сондай-ақ, кәсіпорындар мен ұйым-мекемелерде тың бастамаларға жол ашу қажет. Жарыстар, спартакиадалар мен универсиадалар, басқа да спорттық бәсекелерді бір мезгілдік шара күйінде қалдырмай, жүйелі, тұрақты, жыл сайын өтетін дәстүрге айналдырғанымыз абзал. Және мұны әркім өзінен, өз шаңырағынан бастауы керек. Спортты дамыту үшін бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі механизмін іске қосып, қаржылы кәсіпорындарды спорт нысандарын салуға, спорт саласын қаржыландыруға тарту қажет. Спорттың дамуы, оның ішінде маңызды спорттық жетістіктер мемлекеттің әлеуметтік-экономикалық ілгерілеуіне де байланысты.
Аулаларда түрлі жастағы балаларға лайықты ойын элементтерімен қоса шағын футбол алаңшасы да ашылады.
Айта кетейік, көп қабатты тұрғын үйлердің аулаларын абаттандыру және балалар ойын алаңшалары «Халық қатысатын бюджет» жобасы негізінде орнатылуда.
Шымкент қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі