Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтенов осы аптада құрылыс жұмыстары жүріп жатқан білім беру нысандарын аралады.
Солардың бірі — Сайрам тұрғын алабында орналасқан №12 спорт мектебі. Әкім мұнда қосымша корпустың құрылыс жұмыстарымен танысты.
Нысан 2 ауысымда жұмыс атқарады.
1 ауысымда 147 адам оқу-жаттығумен айналыса алады. Одан соң мұнда 252 спортшы сыятын түрлі спорттық жарыстар өткізуге мүмкіндік жасалмақ.
Кешен ғимараты 3 қабаттан тұрады.
Жертөледе пауэрлифтинг оқу-жаттығу залы, ауыр атлетика оқу-жаттығу залы, киім ауыстыру, душ бөлмелері, тренер және инструктор бөлмелері, төрешілер бөлмесі қарастырылған.
Бірінші қабатта вестюбиль-фойе, күзетші бөлмесі, киім бөлмесі, 18 орынға асхана, 210 орынға көрермендер трибунасы бар әмбебап спортзал, киім ауыстыру, душ бөлмелері, тренер және инструктор бөлмелері, төрешілер бөлмесі, медпункт болады. Ал екінші қабатта холл, демалыс орны, бокс, күрес, бадминтон спорт түрлерінен оқу-жаттығу залдары қарастырылған.
Жобаның аяқталу мерзімі 2023 жылға жоспарлануда.
Сала мамандары мен мердігер мекемеге құрылыс жұмыстарын жылдамдатуды тапсырған шаһар басшысы, “құрылыс сапасына да баса мән беруіміз керек”,-деді.
Ал Еңбекші ауданына қарасты Сайрамдағы Ю. Сайрями көшесі бойындағы №10 колледжінің жаңа оқу корпусы жыл соңына дейін пайдалануға беріледі.
Аталған нысанның құрылыс жұмыстарының мерзімнен кешеуілдеуіне байланысты жауапты мердігерге бірнеше ескертулер беріліп, айыппұлдар салынған. Қазіргі таңда ескертілген кемшіліктер ретке келтіріліп, жұмыстар жалғасын табуда. Осы күнге дейін құрылыстың 85%-ы атқарылды.
Жаңа ғимаратта 300 орындық оқу корпусы, 200 орындық асхана, 200 орындық АКТ залы және спортзал блогы қарастырылған.
Нысанның құрылысы былтыр маусым айында басталған. Жоспарға сәйкес жаңа корпус жыл соңына дейін пайдалануға беріледі.