ПрезидентімІздің тапсырмасына орай өткізілетін әкімнің тұрғындармен кездесуі кезінде айтылған мәселелер дер кезінде орындалып, өз шешімін табуға зор мүмкіндіктер екенін тұрғындар да көзі жеткендей. Ай сайынғы тұрақты өткізілетін кездесу барысында Шымкент қаласы Самал-3 шағынауданының тұрғындары қала әкімі Мұрат Әйтеновке кәріз жүйелерінің құрылысы жөнінде шағымын жеткізген болатын.
Аталған шағынаудандағы 63 көшеде 6 800 үй қоныстанған. Бүгінде қала әкімінің тапсырмасына сәйкес, 33 көшеде кәріз жүйесінің құрылысы жүруде. Нысанды пайдалануға беру осы жылдың соңына дейін жоспарланып отыр. Нәтижесінде, 4300 үйге орталықтандырылған кәріз жүйесі қосылады. Қалған №6 емхана маңындағы 30 көшедегі 2500 үйге биыл ЖСҚ әзірленіп, құрылыс жұмысы 2023 жылдың жоспарына енгізілді.
Сонымен бірге қала әкіміне «Солтүстік-Батыс» шағынауданының тұрғындары да кәріз мәселесін жеткізген. Шағынауданда қазір 1800 үй болса, оның 500-ге жуығы кәрізбен қамтылмаған. Осы үйлерге қамту үшін келесі жылдың бюджеттік жобасына енгізіледі.
Шымкент қаласында 81 елді мекеннің 19-ы кәріз жүйесімен қамтылған. Бүгінде қамту көрсеткіші 54 пайызды құраса, жыл соңына дейін 60 пайызға жеткізу көзделген. Осыған байланысты қазір 20 нысанды құрылыс жұмысы жүргізілуде. Жалпы, жыл соңына дейін Самал-3, Мирас, Шапағат-2, Ұлағат, Солтүстік-Шығыс, Жұлдыз шағынаудандары мен Әл-Фараби ауданындағы Хлопзавод, Шолохов көшелерінде кәріз жүйесі іске қосылады.
Бұдан бөлек, Арғынбеков коллектор жүйесі, Тұран ішкі магистралы, Достық КНС және Бозарық шағын ауданының магистралдық кәріз жүйесінің құрылыс жұмысы аяқталады.
Шымкент қаласының 2022-2025 жылдарға арналған даму жоспарына сәйкес, шаһар аумағының 75 пайызы кәріз жүйесімен қамтылмақ.