Бүгін «Жастар ресурстық орталығының» ұйымдастыруымен «Текті сөздің төресі – термеде» атты қала жастарымен шығармашылық кездесу өтті. Ұйымдастырушылар кездесудің мақсаты ұлттық өнерімізді кейінгі буынға боямасыз жеткізіп, оны жастар арасында кеңінен дәріптеуге бағытталады, — дейді.
Терме- қазақ халық поэзиясында қалыптасқан лирикалық өлең түрі. Ғибраттылық мәні бар моральдық идеялар тұрғысынан әр нәрсені теріп айтып, бір нәрседен екінші нәрсеге еркін ауысып отыру термеге тән қасиет. Ол нақыл сөз үлгісінде құрылып, әдетте өнегелі. нұсқалы сөздердің тізбегіндей болып келеді. Ырғақтық құрылысы жағынан жеті-сегіз буынды жыр үлгісінде айтылады. 19 ғасырдың соңы мен 20 ғасырдың басында жедел қарқынмен дами басталы. Терме пішіні мен мазмұны толғауға біршама жақын. Толғауда қоғамды-әлеуметтік сарындар басым болса. Термеде көбіне күнделікті тұрмыс-тіршілікке қатысты жәйттер сөз болады.Терме сөз бен әуен сабақтасып келгендіктен. Ол синкретті өнерге жатады. Сөздің мағынасы, әсерлілігі, ырғағы ширақ келуі қандай маңызды болса, әуеннің, аспаптық (домбыра) сүйемелдің де үлкен мәні бар.
Кеште ҚР Мәдениет үздігі, республикалық конкурстың лауреаты, Шымкент саз колледжі ән салу бөлімінің меңгерушісі, дәстүрлі әнші, термеші – Жақып Спатаев, Б.Өтеп атындағы мамандандырылған «Өнер» мектеп-интернатының ұстазы, термеші – Құнанбай Байтенов, Саз колледжінің дәстүрлі ән бөлімінің ұстазы, әнші, термеші – Ербол Қалмырзаев өнерсүйер қауыммен кездесіп, өнер жолындағы жетістіктері және бастан кешкен қызықты оқиғаларымен бөлісті.
–Қазақтың ұлттық өнері жастар тұрғанда ешқашан өшпейді. Біздің міндетіміз – ұлттық өнерді ұлықтап, шәкірттерімізді ән-терме бағытында тәрбиелеу. Соңғы уақыттары заманның ағымына қарай термелер эстрадалық бағытта айтылып жүр. Терменің әрбір сөзінде қаншама тәрбие жатыр. Жыршылық-тер¬мешілік өнер жаңаша серпінде айтылып, насихатталса өнерге қызығушылар саны артатаны анық,– дейді ҚР Мәдениет саласының үздігі, Саз колледжінің директор орынбасары Әлімжан Серікқазы.
Рухани кеште жыр саңылақтары орындаған термелерді жастар ұйып тыңдады. Ұлттық өнерді ұлықтаған мұндай кештердің ұрпаққа берері көп екені айдан анық.
«Шымкент келбеті»