Әл Фараби ауданының әкімдігі 7 мамыр – Отан қорғаушылар күні мен 9 мамыр – Жеңіс күні қарсаңында ардагерлерге құрмет көрсетті. Мерекелік дастарқанда бас қосқан тыл ардагерлері, Ауған соғысы, Тәжік-ауған, Чернобыль, Таулы Қарабах және «Семей-сынақ» қоғамдық ұйымдарының ардагерлері бір-бірін Жеңіс күнімен құттықтап, елімізге бейбітшілік тіледі.
Мерекелік жиында сөз сөйлеген аудан әкімі ардагерлерімізді ардақтап, құрмет көрсету бүгінгі жас буынның парызы екенін айтып, ерлердің ерлігі ел есінен кетпейді деді.
– Бүгінде қаламызда 3 Ұлы Отан соғысының ардагері болса, оның біреуі Әл-Фараби ауданында тұрады. Одан бөлек, майдандағы бауырлары үшін тылда еңбек еткен қаншама ардагерлер бар.
Олар майданды көзбен көрмесе де, жасаған еңбектері ерлікке тең. Сол уақыттағы тыл еңбеккер мен майдангерлердің жанкештілігінің арқасында осындай бейбіт күнге жетіп отырмыз. Олардың ерлігін ешқашан ұмытпаймыз, – деп Әл-Фараби ауданының әкімі Рашид Мыңбаев жиылған қауымды мерекемен құттықтады.
Мерекелік басқосуға келген ардагерлер бүгінгі жас буынға оқуда озат болуға, «Жаңа Қазақстанды» құруда Мемлекет басшысының бастамаларына жұмылуға шақырды.
– Соғыс басталғанда 8 жаста едім. Әкем майданға аттанған. Бала болып ойнадым деп айта алмаймын, балалық шағымыз соғыстың алапатына жұтылып кетті.
Анам екеуіміз таңнан қара кешке дейін колхозда еңбек еттік. Майдан үшін бидай орып, оны өгізбен станцияға тасыдық. Бала көңіліммен әкем майданда сол бидайдың нанын жейді деп сеніп едім. Бүгінгі балаларға қызыға қараймын. Оларға оқуда озат болыңдар, бейбіт күннің қадіріне жетіп, білек сыбанып еңбек етіңдер, Президентіміздің «Жаңа Қазақстанды» құру жолында бірлесе атсалысыңдар деп айтып отырамыз.
Егеменділігіміз бен бейбітшілігіміз мәңгі болсын! – дейді тыл ардагері Өркен Әбдірәйымұлы.
Жиында рухты оятатын патриоттық әндер шырқалып, жырдан шашу шашылды.
«Шымкент келбеті»