Бүгін Шымкентте қалалық прокуратура және білім басқармасы бірлесе ұйымдастырған «Мейірім – жүректен» атты бір айға жоспарланған ауқымды іс-шара басталды.
Игі бастама жасөспірімдер арасында құқықбұзушылықтың алдын алу, жас буынның өмірге деген құлшынысын арттыру, жігерлендіру мақсатында ұйымдастырылып отыр. Жоба аясында білім ұйымдарында өтіп жатқан іс-шаралар барысымен таныс болу үшін БАҚ өкілдеріне арнайы баспасөз туры ұйымдастырылды.
Алдымен БАҚ өкілдері «Жеңіс» балабақшасына ат басын бұрып, балалардың ұйымдастырған арнайы ашық сабағының куәсі болды. Содан кейін Жол- көлік колледжі мен №135 жалпы орта мектебінде ұйымдастырылған бірқатар іс-шаралармен танысты.
Бүгінде басқарма тарапынан ата-ана, ұстаз және оқушының байланысын нығайту мақсатында «Үштік одақ», «Оқуға құштар мектеп», «Өзін-өзі басқару» мектеп парламенті, «Дебаттық қозғалыс» сынды тәрбиелік мәні бар жобалар іске асырылып келеді. Бірі сыни ойлау дағдыларын қалыптастырса, енді бірі көркем әдебиетке қызығушылықты оятады.Шаңырақ құндылықтарының екінші бір сатысы жақындарымен жалғасын табады. Мәселен, жанұядағы ата мен әженің рөлі де айрықша. Олардың дүниеге деген көзқарастары мен өзіндік талғамдары жасы кіші балаға өнеге болары анық. Кішкентай кезінен атасының, не болмаса әжесінің айтқандарына құлақ түретін ұрпақ болса, оның арты тек жақсылыққа әкеледі. Тәлім-тәрбиенің негізі ата-анадан кейін қастарындағы жақын адамдардан үлгі алу арқылы қалыптасады, өзіндік жеке ұстанымдарды дамытуға септігін тигізеді.
Ең бастысы ата-ана, оқушы мен мектеп байланысын арттыруға үлесі мол.
–Жастарды мейірімділікке баулитын жоба аясында бірқатар кешенді іс-шара өткізуді жоспарлап отырмыз. Оның ішінде түрлі кездесулер, семинар-конференция, дебат, форум, экскурсия мен акциялар ұйымдастырылады. Мұнымен қоса, психологиялық көмек көрсету, үнқағаз тарату, сауалнама өткізу жиындары да бар, – деді Жол-көлік колледжінің директоры Гүлзат Үкібайқызы.
Айта кетейік, «Мейірім – жүректен» жобасысы 25 мамырға дейін барлық білім беру ұйымдарында жалғасады.
«Шымкент келбеті»