Әл-Фараби ауданы әкімі аппаратының қызметкерлері, жастар ресурстық орталығының және Төтенше жағдайлар басқармасы мен учаскелік полиция қызметкерлерімен бірлесе отырып, Қошқар ата өзені бойында шомылу ережелері бойынша қала тұрғындарына үгіт насихат жұмыстарын жүргізді. Мақсат — төтенше жағдайларды алдын алу, оқыс оқиғалар кезінде алғашқы көмек көрсету тәсілдерін үйрету. Түсіндірме жұмыстары барысында тұрғындарға суға шомылу барысындағы қауіпсіздік ережелерімен қоса балаларды қараусыз қалдырмау, белгіленбеген су арналары туралы ескертіліп, қауіпсіздік ережелері көрсетілген жадынама парақшалары таратылды. Еске сала кетейік, Шымкент қаласының аумағында қазіргі таңда суға шомылуға рұқсат етілген 3 демалыс аймағы бар.
Суға шомылу маусымы кезінде су нысандарында қайғылы жағдайды болдырмау мақсатында балаларды өз еркімен дария жағалауына жібермеу қажет екенін ескертеміз!. Алайда, су айдындарына жақын орналасқан тұрғындар қауіпсіздік шараларын елемеуде. Судағы қауіпсіздік шараларын елемеу адам өміріне қауіпті екенін, белгіленбеген орнындарда шомылуға болмайтындығы туралы балаларға үнемі ескертіп отыру қажет. Шын мәнінде су қоймаларында демалушылардың қауіпсіздігі құтқарушыларға байланысты. Суға батып кетушілердің санын арттырып тұрған статистиканы бәсеңдету үшін және өз жаныңызды аман сақтап қалу үшін не істеу керек? Қандай ережелер мен қағидаларды білген жөн?
Суда шомылудың қауіпсіздік шаралары:
— Суға тек қана рұқсат етілген орындар мен жағажайларда шомылыңыздар.
— Суға шомылатын жерді, жалпы жағдайды судың тазалығын, тереңдігін мұқият тексеріп алыңыз.
— Тамақ ішкеннен кейін бірден шомылмаңыз.
— Өте ұзақ шомылмаңыз, өзіңізді шаршауға және тоңып қалтырауға дейін жеткізбеңіз.
— Суға түскенде бір-біріңізді және балаларды көзден таса қылмаңыз.
— Қоршау белгілерінен тысқары аумаққа шықпаңыз.
— Техникалык ескерту белгілерінің және басқалардың үстіне шығушы болмаңыздар.
Есте сақтаңыздар! Судағы апаттан қорғанудың ең сенімді жолы — суда шомылу ережелері мен қауіпсіздік шараларын қатаң сақтау.
Шымкент қаласы әкімінің баспасөз қызметі