Түркістан облысы әкімі аппаратының кезекті апталық отырысында облыс әкімі Дархан Сатыбалды Мемлекет басшысының биылғы Жолдауындағы міндеттерді орындау бағытында іс-шара жоспары әзірленетінін жеткізді.
– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 1 қыркүйекте Парламент сессиясының ашылуында «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты халыққа Жолдауын жариялады. Жолдауда Президентіміз жаңа экономикалық үлгіге өту бойынша бірқатар нақты тапсырмалар берді. Айтылған ауқымды мәселелердің барлығы еліміздің экономикалық өсімі мен тұрмыстық әл-ауқатының жақсаруына бағытталған. Қазіргі уақытта Үкімет тарапынан жалпыұлттық іс-шара жоспары әзірленуде. Соны басшылыққа ала отырып, Түркістан облысында іске асыру бойынша іс-шара жоспарын әзірлеу қажет, – деді облыс әкімі.
Мәжілістегі күн тәртібінде бірнеше мәселе талқыланды. Ауылдарды, қалаларды көгалдандыру, санитарлық тазалығын сақтау, абаттандыру жұмыстарына жасалған мониторинг жұмыстарының нәтижесі тыңдалды. Түркістан облысы әкімі аппаратының Ұйымдастыру-инспекторлық жұмыс және аумақтық даму бөлімінің басшысы Мадияр Алиповтың айтуынша, мониторинг барысында кемшіліктер анықталған.
– Облыс әкімінің тапсырмасымен аудан, қалалардағы елді мекендерді абаттандыру және көгалдандыру жұмыстарына бас инспекторлар тарапынан тұрақты түрде мониторинг жүргізілуде. Нәтижесінде кейбір жұмыстардың сапасыз және толыққанды атқарылмай отырғандығы байқалады, – деген ол анықталған кемшіліктерді баяндады.
Атап айтқанда, Түркістан, Арыс, Кентау қалалары мен барлық аудандарда олқылықтар тіркеліп, тиісті ұсыныстар берілген. Бірінде көгалдандыру жүйелері істен шықса, аулада қураған ағаштар мен қоқыс шашылып жатыр. Балалар ойын алаңшалары мен орындықтар тозған. Кейбір көшеде жарықшамдар толық орнатылмаған. Күл-қоқыстан тазартылмаған көшелер де бар. Өңір басшысы тазалық жұмыстарына әкімдермен бірге тұрғындар да жауапкершілікпен қарауы керек екенін айтты. Кемшіліктер анықталған ауыл округтерінің әкімдеріне ескерту берілді. Қателік жойылмаса, одан да қатаң шаралар қабылданады.
Жиында «Ауыл аманаты» жобасының жүзеге асырылу барысы және жылыжайларды көмірмен қамту мәселесі де қаралды. Бүгінде Түркістан облысында «Түркістан» әлеуметтік кәсіпкерлік корпарациясы» АҚ-на «Ауыл аманаты» жобасы бойынша облыс көлемінде 19,8 млрд теңге құрайтын 3 220 жобаға өтініш түсті. Оның ішінде уәкілетті органмен 2281 жоба қаралып, жалпы соммасы 10,8 млрд. теңгені құрайтын 1890 жоба мақұлданды. 6,2 млрд. теңгені құрайтын 1128 жоба қаржыландырылып, тұрғындарға жеңілдетілген несиелер берілген.
Облыс әкімі аталған жоба бойынша қаржыландыру жұмыстарын ширату, жылыжайлар мен білім, денсаулық сақтау ұйымдарына қажетті көмірді толық жеткізу жөнінде тапсырма берді. Мәселелер бақылауға алынған.