Президент Қасым-Жомарт Тоқаев отандық кәсіпкерлермен кездесу барысында мемлекет тарапынан бизнестің жеке бастамаларына барынша қолдау көрсету қажет екенін жеткізді. Осы бағытта қалада ауқымды жұмыстар атқарылуда. Бұл жайында бүгін Орталық коммуникациялар қызметінің алаңында қаланың әлеуметтік-экономикалық дамуы туралы есеп беру кезінде Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбеков мәлім етті.
– Мемлекет басшысы әрдайым шағын және орта бизнестің өркендеуіне ерекше ден қойып келеді. Бүгінде Шымкент қаласында бизнестің жалпы өңірлік өнімдегі үлесі 50 пайызға жетті. Қалада кәсіпкерлік қолдау шараларына сұраныс өте жоғары. Биылдың өзінде кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі Ұлттық жоба аясында 20 млрд теңге бөлініп, есепті кезеңде 16 млрд теңгеге 3 351 жобаға қолдау көрсетілді. Қолдау шараларының нәтижесінде, соңғы 5 жылда белсенді жұмыс істейтін кәсіпкер 2 есеге өсіп, саны 131 мыңнан асты. Кәсіпкерліктің дамуы азаматтардың іскерлік мәдениетін көтеруге ынталандырса, екіншіден, қала тұрғындарының 30 пайыздан астамын жұмыспен қамтып отыр, – деді қала басшысы.
Қала әкімі бюджет тақырыбына да кеңінен тоқталды.
– Шымкент қаласы мегаполис болғалы бюджет көлемі 4,5 есеге артып, 658 млрд теңгені құрады. Өзіндік кірістер көлемі 2018 жылмен салыстырғанда
72 млрд теңгеден 335 млрд теңгеге өсті. Соңғы үш жылда қала бюджетінің дербестігі 16 пайызға артып, 51 пайызға жетті. Біздің мақсатымыз – қаланың экономикалық белсенділігін көтере отырып, республикалық бюджеттен тәуелділігін азайту, – деді Ғ. Сыздықбеков.
Қала басшысының сөзіне сүйенсек, «Халық қатысатын бюджет» жобасы сәтті жүзеге асырылып жатыр. Биыл 5,8 млрд теңгеге 194 жоба іске асырылса, ал келесі жылы қаржыландыру көлемі 10 млрд теңгеге жетеді.