Бүгін қала әкімі Ғабит Сыздықбековтің көшпелі кездесуі Әл-Фараби ауданында қорытындыланды. Көшпелі отырыс С. Пазылбеков көшесі № 5, Әлімбетов көшесі № 45 «в» және «Күншығыс» ш/а № 116 үйлердің аулаларында өтті.
Тұрғындар Ә. Жангелдин мен Т. Айбергенов көшелері бойындағы тұрғын үйлердің сыртқы қасбеттері ескіруіне байланысты бояу, әрлеу жұмыстарын жүргізуді сұрады. Қала әкімі келесі жылы аталған үйлердің сыртқы қасбеттерін реттеу жұмыстары жүргізілетінін жеткізді.
Көшпелі жиында тұрғындар Әлімбетов көшесі № 45 «в» тұрғын үйінің жанында жылу қазандығы халыққа зиян келтіріп отырғанын алға тартып, дизель отынның орнына газ жағу және жылу қазандығына фильтр орнатуды талап етті. Қала басшысы 2024 жылы мазуттың орнына табиғи газ қолданылып, жылу қазандығына фильтр орнату мәселесі қарастырылатынын айтты. Сонымен қатар, жергілікті халық «Күншығыс» шағын ауданында орналасқан 108 үйлердің жанына су ағатын арық орнату қажеттілігі туындап отырғанын алға тартты.
Қала әкімі көшпелі кездесу барысында бұқараның мәселелерін мұқият тыңдап, шешу жолдарын жан-жақты түсіндірді. Сондай-ақ қала тұрғындарының өзекті мәселелерімен етене танысу барысы жалғасатынын жеткізді.