Қалада жасыл желектер аумағын ұлғайту бағытындағы жұмыстар қарқынды жүргізілуде. Бүгін қала әкімі Ғабит Сыздықбеков елдімекендерді аралау барысында Абай, Еңбекші аудандарының тұрғындарымен кездесіп, жаңа гүлзарлардың жобаларын пысықтады.
Халықтың талап-тілегі ескеріліп, Шұғыла шағынауданындағы Жаңақоныс көшесіндегі 0,80 га бос жатқан жерге биыл гүлзар салынады. Жобаға сәйкес 4 мың шаршы метрге газон төселіп, ашық спорт алаңшасы орнатылады. Сондай-ақ озық үлгіде жарықтандырылатын демалыс алаңында жаттығу элементтері, орындықтар, шағын сәулет нысандары қарастырылған.
Қала басшысы Елшібек батыр көшесіне барып, жергілікті тұрғындармен бірге 3210 шаршы метр жер теліміне салынатын гүлзар жобасын талқылады. Былтыр мұнда газон төселген. Демалыс орнына жаттығу алаңшасы, веложол, ауыз су бұрқақтары, фотоаймақ, әткеншектер мен орындықтар орнатылады.
Қала әкімі аудан басшыларына гүлзарларды биыл «Халық қатысатын бюджет» жобасы аясында салып, мерзімінде пайдалануға беруді міндеттеді.
Аралау кезінде қала әкімі Қайтпас-1 шағынауданындағы автодром нысанына да барды. Осыған дейін мұнда жасыл желек отырғызылып, автодром ұйымдастыру үшін жарыс жолы салынған. Жобаны талқылау барысында Ғабит Әбдімәжитұлы жер учаскесін жалға алған кәсіпкермен кездесіп, халыққа жайлы орта қалыптастыру мақсатында абаттандыру жоспарын пысықтады. Картинг жасау және атқа мініп серуендейтін арнайы жол салып, аумақты заманауи талапқа сай демалыс орнына айналдыру бойынша тапсырма берді.