Түркістан облысының «Тұран су» МКК-ның мамандары мен техникалары Батыс Қазақстан облысы, Теректі ауданындағы Шағатай ауылын тасқын судан қорғау мақсатындағы мобильді топтың құрамында жұмысқа кірісіп кетті. Қазіргі таңда мобильді топ Жайық өзенінің дамбысын көтеру жұмыстарын жүргізіп жатыр.
Бүгінде аймаққа су тасқынының екінші толқынына дайындық қарқынды. Әскерилер, төтенше жағдай қызметкерлері, облыс тұрғындары және еліміздің түкпір-түкпірінен барған еріктілер бөгет салу, дамбы көтеру жұмыстарына белсене қатысуда.
Айта кетейік, облыс әкімі Дархан Сатыбалдының бастамасымен «Тұран су» мекемесін басқару жұмысына өзгерістер енгізіліп, қолдау күшейтілді. Мекемеге төтенше жағдайларды оқшау бағытында 20 нысан бойынша облыстық бюджеттен қаржы бөлінген болатын. Тиімді үнемдеу нәтижесінде 46 дана арнайы техникалар сатып алынды. Мекеме өз қаражаты есебінен 680 шақырым каналға тазалау жұмыстарын жүргізді. Атқарылған шаралардың нарықтық құны 4,7 млрд. теңгені құрады.
Қолданыстағы, «Мемлекеттік сатып алу туралы» Заңға сәйкес су шаруашылығы нысандарының құрылыстар бойынша мердігер ұйымдар ашық конкурс өткізу жолымен анықталады. Нәтижесінде кейде тәжірибесі мен тиісті материалдық-техникалық базасы жоқ және төмен баға ұсынған ұйымдар жеңімпаз болып, жұмысты сапасыз атқарып жүр.
Сондықтан су нысандарының стратегиялық маңыздылығын және қаржы тапшылығын ескере отырып, су шаруашылығы жөніндегі мемлекеттік коммуналдық кәсіпорындарды тікелей қаржыландыру бойынша «Мемлекеттік сатып алу туралы» Заңына өзгерістер енгізу жөнінде ұсыныс берілген. Бұл арқылы мемлекеттік мекемеге каналдарды бетондау, су қоймаларды қалпына келтіру және жаңадан салу жұмыстарын сапалы атқаруға мүмкіндік молаяды.