Бүгін қала әкімі Ғабит Сыздықбековтің қатысуымен өткен аппараттық мәжілісте қазылған орындарды ретке келтіру жұмыстары талқыланды. Жиында Энергетика және инфрақұрылымды дамыту басқармасының басшысы Р.Мендикулов қала аумағындағы жер қазба жұмыстарын баяндады. Зерделеу жұмыстары қорытындысымен Абай ауданында — 40, Қаратау ауданында — 53, Тұран ауданында — 8, Еңбекші ауданында — 38 қазылған жер анықталды. Дүйсенбіден бастап көшелерді жөндеуге 80 жұмысшы, 30 арнайы техника шығарылды. Сондай-ақ 120-дан астам жол белгілері зақымдалғаны анықталды. Бүгінде олардың 80-і қалпына келтірілді. Сонымен қатар қалада бағдаршам нысандарын қалпына келтіру жұмыстары басталды. Бұған дейін хабарланғандай, қалада 40-тан астам бағдаршам зақымдалған. Олардың 15-і 9 қаңтарда қалпына келтірілсе, 10 қаңтарда 7 бағдаршам нысанына күрделі жөндеу жүргізу жоспарланды. Қаланың көше-жол желісін қалпына келтіру және тексеру жұмыстары жалғасып жатыр. Сонымен қатар, ауданда 12 өртенген автокөлік анықталып, шығарылды, қалғандары тиісті сараптамалар жүргізілгеннен кейін әкетілетін болады. Көше мүлігін түгендеу кезінде 9 бұзылған аялдама анықталды, олардың сынған әйнектері тазаланып шығарылды, қалпына келтіру жұмыстары жалғасуда. Дегенмен тараздық тұрғындар жыл сайын көшелердің қазылып, жолдардың жабылғанынан ығыр болған. Қалада жарық пен көгілдір отын беру тоқтатылмағанымен, жаз келсе болды ыстық су маусым бойы өшіріледі. Мұның бәрін құбырлардың тозғанымен байланыстырып отырған жергілікті әкімдік енді келесі жылдан бастап ыстық су шаһар тұрғындарына жыл бойы берілетінін айтады.
Қала әкімі сала басшыларына қазылған аумақтарды қалпына келтірмей, тұрғындарға қолайсыздық туғызған мердігерлерге қатаң шара көруді ескертті. Сонымен қатар аудан әкімдері мен тиісті басқарма басшыларының жұмыстарын бағалау қала тазалығымен байланысты екенін жеткізді.
Шымкент қаласы әкімінің баспасөз қызметі