Мәжіліс депутаты Руслан Берденов М.Әуезов атындағы ОҚУ-да қаланың белсенді жастары, кәсіпкерлермен кездесті. Еркін форматта өткен жиында жастардың өзекті мәселелері талқыға түсті.
Мәжіліс депутаты қазіргі жастар белсенді болу керек екенін, әрдайым өз ұстанымдарын білдіріп, жаңашылдыққа ұмтылу қажет екенін айтты. Белсенділік деген жауапкершілікті мойынға алу деген сөз.
Іс-шарада жастар тарапынан жатақханалардың аздығы, мотивация алу, ойын құмарлықтан арылудың жолы және тағы басқа сауалдар қойылды.
-Жастармен жиі кездесіп жүрмін. Қазір қоғамда жастар арасында мәселе көп. Кәсіп бастау, қалай мотивация аламын деген сауалдар маған жиі қойылады. Жалпы әр адамның өмірі өз қолында. Мотивацияны да адам өзінен алу керек.Жарыссөзден соң жастар арасында еркін форматта сұхбат өрбіді. Жиналғандар көкейде жүрген сұрақтарын ортаға салып, дайындалып жатқан жастар саясаты туралы заң жобасына ұсыныстарын жеткізді. Бүгінде жастарды мазалап жүрген басты сұрақтардың бірі баспана мәселесі мен жұмыссыздық екені айтылды. Айта кетейік, Шымкент қаласында 14-35 жас аралығында 365 мыңнан астам жас тұрады. Яғни, халық санының 35 пайызын құрап отыр. 7 жоғары оқу орнында 76 мыңнан астам студент, 37 техникалық және кәсіптік білім беру мекемелерінде 37 мыңнан астам жастар оқиды.
Бүгінде жастар, кәсіпкерлердің көп сұрайтыны — салық мәселесі. Бөлшектік салық, қосымша құн салығы. Шымкент қаласы шағын кәсіпкерлік дамыған өңірлердің бірі. Жалпы елімізде шағын кәсіпкерлер саны 2 миллионнан асады. Осыларға жағдай жасауымыз керек, — деді Руслан Арысбекұлы.
Мәжіліс депутаты партия фракциясы аясында жастар, салық жүйесі, экономикалық мәселелерді шешуге атсалысып жатқанын атап өтті. Қала жастарын белсенді болуға шақырып, өмірлік тәжірибелерімен бөлісті.
«Шымкент келбеті»