Бүгінде Шымкент қаласына Солтүстік Қазақстан мен Павлодар облысының делегаттары келіп, тұрғындарға ерікті қоныс аударудың тәртібін түсіндіруде. Делегаттар Забадам, Қаратөбе және Базарқақпа елді мекенінің тұрғындарымен кездесіп, қоныс аудару жөніндегі сұрақтарына жауап берді.
Жұмысшы топтың жетекшісі, Павлодар облысы Еңбек мобильдігі орталығының директоры Меруерт Сейітбекқызы мегаполис тұрғындарына ерікті қоныс аударуға берілетін әлеуметтік көмектер мен солтүстіктегі өңірлердің гоеграфиялық орналасуы, әр аймақтың өзіндік ерекшеліктері туралы баяндап берді.
Тұрғындарды толғандырған ең көп сұрақтың бірі – баспанамен қамту төңірегінде болды. Делегаттар қоныс аударуға ниеттенген азамттарға мемлекет тарапынан берілетін үйлер, жалдамалы пәтерді субсидиялау және ұтқырлық сертификаты жөнінде түсіндірді.
«2024 жылғы 1 шілдедегі жағдай бойынша ерікті қоныс аудару шеңберінде жұмыс күшінің ұтқырлығын арттыру үшін жұмыс күші артық өңірлерден жұмыс күші тапшы өңірлерге 4 869 адам, оның ішінде 1 891 қандас және 2 978 қоныс аударушы көшіп келді. Барлық қоныс аударушыларға мемлекеттік қолдау шаралары көрсетілді. Осы жылдың соңына дейін 9483 адамды көшіру жоспарлануда», — деп хабарлайды ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі.
Өңірлер бойынша айтар болсақ:
Павлодар облысына – 2 036 адам
Солтүстік Қазақстан облысына – 1 163 адам
Қостанай облысына – 540 адам
Шығыс Қазақстан облысына – 402 адам
Абай облысына – 362 адам
Ақмола облысына – 285 адам
Қарағанды облысына – 43 адам
Ұлытау облысына – 38 адам қоныс аударды.
Сонымен қатар Ерікті қоныс аудару аясында қоныс аударушыларға мемлекеттік қолдау түрінен мынадай шаралары ұсынылады:
- отағасына және отбасының әрбір мүшесіне 70 АЕК мөлшерінде көшуге арналған бір реттік субсидия;
- отбасы мүшелері саны мен елді мекенге байланысты 15-тен 30 АЕК-ке дейінгі мөлшерде 12 ай ішінде тұрғын үй жалдауға және коммуналдық қызметтерге ақы төлеуге ай сайынғы субсидиялау;
- қысқа мерзімді кәсіптік оқытуға жолдама;
- жұмысқа орналасуға немесе кәсіпкерлік бастаманы дамытуға жәрдемдесу;
- экономикалық ұтқырлық сертификаттарын беру.
Бұдан басқа, өңіраралық қоныс аударуға жәрдем көрсететін жұмыс берушілерге тұрғын үймен қамтамасыз етілген және кемінде 2 жыл мерзімге тұрақты жұмысқа қабылданған әрбір қызметкер үшін 400 АЕК мөлшерінде жұмысқа орналасуға біржолғы субсидия беріледі.
Айта кетсек, солтүстік өңірлерге ерікті қоныс аудару жөніндегі жиын бүгін, 21 тамыз күні сағат 15:00-де Еңбек мобилділігі орталығында да жалғасын табады. Өтетін орын: Бәйтереков 89, екінші қабат, 31 кабинет.