Шымкентте Жастар ресурстық орталығының ұйымдастыруымен “Мүмкіндіктер алаңы” атты кезекті жәрмеңкесі өтті.
Жермеңке өткізуде басты мақсат – жас кәсіпкерлерге өз өнімдері мен қызметтерін кең аудиторияға таныстыруға мүмкіндік беру, олардың бизнестерін дамытуға қолдау көрсету. Сонымен қатар, тәжірибе, тың идеяларымен алмасып, өздерінің бизнес жобасын дамыту үшін мүмкіндіктер таба алатын бірегей алаң қалыптастыру.
Жәрмеңке әртүрлі салада қызмет ететін жас кәсіпкерлер өздерінің қолдарынан шыққан дүниелерін көпшілікке ұсынды. Жәрмеңкеге келушілер дені студент жастар болды. Олар түрлі қолөнер бұйымдарын тамашалап, өзіне қажеттісін сатып алу мүмкіндігіне ие болды. Жәрмеңкеге қатысқан 60-қа жуық кәсіпкер өзара ынтымақтастықты дамытып, тәжірибе алмасуға және жаңа іскерлік байланыстар орнатуға жағдай жасалды.
-«Мүмкіндіктер алаңы» жәрмеңкесі жас кәсіпкерлерге қолдау көрсетудің, олардың әлеуетін ашудың және қоғамдағы белсенді азаматтық ұстанымды қалыптастырудың маңызды қадамы болып табылады, – дейді Жастар ресурстық орталығы талантты жастармен жұмыс жүргізу бөлімінің басшысы Қуаныш Серікбаев.
Жәрмеңкеде әсем әшекейлер мен тоқыма бұйымдарынан бөлек дәмді жеміс-жидектен жасалған пастила өнімдері де болды.
Мысалға, 2022 жылы мемлекеттен қайтарымсыз грант ұтып алған Әсем Қоштаева пастила жасау кәсібін әлеуметтік желі арқылы сатып, пайдасын көріп жүрген екен.
“Жас кәсіпкерлерді қолдау, оларды таныту мақсатында ұйымдастырылған жәрмеңкенің берері көп. Үнемі бізді ұмытпай шақырып тұрады. Келешекте кәсібімді ұлғайтсам деген ниетім бар” дейді жас кәсіпкер.
Ұйымдастырушылар бұл шараны алдағы уақытта да тұрақты түрде ай сайын өткізіп тұруды қолға алмақ.