Еңбек адам – әлеуметтік құрылымдардың ең маңызды бөлшегі. Қай сала болмасын жасампаз тұлғалардың еңбекқорлығының арқасында өрлеу мен өркендеу салтанат құрады. Міне, осындай еңбек адамы белгілі бір мекемені ғана емес, елдің дамуына орасан үлес қоспақ.
Шымкенттік ұстаз Хатира Мырзабаева өскелең ұрпақтың сапалы білім мен саналы тәрбие беру ісінде 30 жылдан бері талмай еңбек етіп келеді. Бүгінде «Нұртас» зияткерлік мектебінде бастауыш сыныптар бойынша директордың оқу ісі жөніндегі орынбасары қызметін атқарып отырған Хатира Ноғайбекқызы ұзақ жылдық тәжірибесіне сүйеніп, оқушыға білімнен бұрын тәрбие маңызды екенін алға тартты.
– Әбу Насыр әл-Фараби: «Тәрбиесіз берілген білім – адамзаттың қас жауы, ол келешекте оның өміріне қауіп әкеледі» деген қанатты сөзі бар. Бұл сөздің растығын өмір тәжірибесі талай мәрте дәлелдегені белгілі. Ұрпаққа үлгілі тәрбие бере алу – қоғамның өзін, тірегін қалыптастыру дегені. Соның ішінде балаға өнегелі тәртіп пен саналы тәрбие бере білу – өлшеуі жоқ қазына. Әрине, біз қашанда бастауыш сынып бүлдіршіндеріне білім беруді парыз деп санасақ та, тәрбие ісін жан-жақты жетілдіріп отыру негізгі міндетіміз. Өйткені, білім мен тәрбиенің үйлесімі ғана егемен еліміздің дамуына үлес қосатын жас өрендерді өсіреді, — дейді Х.Мырзабаева.
Кейіпкеріміздің еңбек жолы өзге әріптестеріне үлгі. Мектеп табалдырығын енді аттаған бүлдіршіндерді білім нәрімен сусындатар ұстаздарға жетекшілік етіп, оларға бағыт берудегі еңбегі елеусіз қалмады. Күні кеше Шымкент қаласында Еңбек күні мерекесінде Хатира Ноғайбекқызы озаттар қатарынан көрініп, қала әкімінің алғыс хатымен марапатталды.
Әр адам өз несібесін еңбектен ғана табады. Бар ғұмырын, ұрпақ тәрбиесінің ыстығы мен суығына қатар төзетін еңбек адамы қашанда мақтанышымызға айнала бермек.