4 қарашада Шымкентте орналасқан ҚР ІІМ Ұлттық ұланы 6506 әскери бөлімінің саптық алаңында 2-2023 шақырылым сарбаздарына тегін негізде жоғары оқу орнына түсу туралы сертификаттар салтанатты түрде табыс етілді. Іс-шараға әскери бөлімнің басшылығы, ардагерлер, сондай-ақ сарбаздардың туыстары мен жақындары қатысты.
Айта кету керек, Шымкент жедел бригадасының 400-ге жуық әскери қызметшісі бағалы сертификаттар алуға үміткер болды. Тек 38-і ғана жоғары оқу орындарына түсуге мүмкіндік алды.
6506 әскери бөлімінің командирі полковник Марат Рахпанов өз сөзінде: «Біз әскери қызметшілеріміздің жеке және кәсіби өсуіне барлық жағдай жасауға тырысамыз. Білім беру гранттарын тапсыру — бұл біздің сарбаздарымызға жоғары білікті маман болуға және елдің дамуына үлес қосуға мүмкіндік беретін болашаққа салынған инвестиция» — деді ол.
Грант алушылардың бірі, қатардағы жауынгер Мақсат Тоқтасын өз әсерімен бөлісті: «Мен әрқашан жоғары білім туралы армандайтынмын. Бұл грант мен үшін өз амбицияларымды жүзеге асыруға және қажетті біліммен еліміздің дамуына үлес қосуға тамаша мүмкіндік».
Тегін білім беру гранттары әскери қызметшілерді қолдауға бағытталған мемлекеттік бағдарламаның бөлігі болып табылады. Мұндай бастама сарбаздар арасындағы білім деңгейін арттырып қана қоймай, олардың елге одан да адал қызмет етуге деген ынтасын арттырады.
— Бөлімде қызмет өткеру кезінде мен дене шынықтыру, мемлекеттік-құқықтық дайындық бойынша күнделікті сабақтардан өттім және басқа да бағыттар бойынша жақсы нәтижелер көрсеттім. Бұл үшін маған жоғары оқу орнына түсуге мүмкіндік берілді, — дейді сарбаз.
Естеріңізге сала кетейік, мерзімді әскери қызметтен өткен сарбаздар осы сертификаттармен ЖОО-ға екі жыл ішінде түсе алады.
ҚР ІІМ Ұлттық ұланы «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығының баспасөз қызметі
фото интернет желісінен