4.3 C
Шымкент
Среда, 27 ноября, 2024
Smarttop.kz

ШЫМКЕНТТІҢ ДАМУ КӨРСЕТКІШІ ПРЕЗИДЕНТТІҢ ДЕ, ХАЛЫҚТЫҢ ДА ОҢ БАҒАСЫН АЛУДА

Шымкент қаласының қалай көркейіп, дамып келе жатқанын ел көріп отыр. Көрікті орынды көргісі келетіндер саны да жыл санап артып отыр. Соңғы жылдары Шымкент қаласы еліміздегі туристерді ең көп қабылдайтын өңірлердің ішіндегі алдыңғы үздік үштіктің қатарынан түспей келеді. Бүгінгі таңда туристердің талғамы биік. Ендеше, Шымкенттің туристер үшін тартымды саналуы – шаһардың жан-жақты дамып келе жатқанының айқын көрсеткіші. Бұған қарсы дау айтудың өзі артық.

Әрдайым халық ортасынан табылатын қазіргі қала әкімі Ғабит Сыздықбековтің қаланың экономикалық дамуы үшін, инвестиция тарту үшін және қаланы тұрғындар үшін барынша жайлы, ал қонақтар үшін барынша тартымды ету үшін тынбай еңбектеніп жатқанына әрбіріміз куәміз. Соңғы уақытта қаламызда демалыс орындары, саябақтар саны артуда. Сапалы электр жарығымен қамту, газдандыру, ауыз сумен қамту, жолдардың жөнделуі сияқты жұмыстарда оң нәтижелер көрініс табуда.

Мысалдар келтірейік.

Естеріңізде болса, биылғы Ұлттық құрылтайда Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев елдімекендерді газдандыру мәселесіне арнайы тоқталған еді.

«Үкімет газ тартылған елді мекендердің санын барынша арттыруға және 1700 шақырым газ желісін жаңғыртуға тиіс. Бұл 300 мыңнан астам адамды көгілдір отынмен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді», — деген Мемлекет басшысы.

Көгілдір отынмен қамту, сапалы электр энергиясы – әлбетте, тек тұрғындардың жайлы өмір сүруін ғана қамтамасыз етпейді, кәсіпкерліктің дамуына да ықпалын тигізеді. Сондықтан, мұндай жұмыстарды кейінге қалдыруға болмайды. Осы себепті де Шымкентте халықты табиғи газбен қамту жұмысы қарқынды жүріп жатыр. Айталық, таяуда ғана Қаратөбе тұрғын алабы көгілдір отынға қосылды. Қала әкімі Ғабит Сыздықбеков жергілікті тұрғындармен бірге газды іске қосу шарасына қатысты.

Бұған дейін халық тұрмыста сұйытылған газ, көмір және отын пайдаланып келген. Бұл халық үшін едәуір қиындық туғызған әрі адам өмірі үшін де қауіпті. Енді көгілдір отынға қол жеткізген тұрғындардың жылыту шығындары да азаяды.

Айта кетейік, газдандыру жұмысы 2024 жылдың мамыр айында басталған. Қазіргі таңда 62 абонент газға қосылды.

Қала әкімі Ғабит Сыздықбеков тұрғындармен әңгімелесу барысында газдандыру кез-келген қаланың дамуындағы аса маңызды қадам екенін атап өтті.

Бүгінде тұрғын үйлерді газдандырудың екінші кезеңі аясында 700-ге жуық абонент көгілдір отынға қол жеткізді. Жыл соңына дейін үшінші кезең жүзеге асырылғаннан кейін тағы 700-ден астам абонент көгілдір отынмен қамтылады. Бұл ретте жыл соңына дейін Ынтымақ-2, Тассай және Қаратөбе шағын аудандарын газдандыруды аяқтау жоспарлануда.

Электр энергиясы жайлы да аз-маз ақпарат бере кетейік. Энергияны тұтыну көлемі үздіксіз артып келе жатқанына қарамастан, бүгінде қалада бұрынғыдай қар-жауын болса, жел тұрса да жалп етіп жарықтың өшіп қалу фактілері азайған. Сондай-ақ, таяуда  Шымкентте 110 кВ кабельдік желімен жабдықталған 36 МВт қосалқы станция іске қосылды. Іске қосу салтанатына қала әкімі Ғабит Сыздықбеков қатысты.

Мегаполис басшысы бұл жобаның энергия тапшылығын болдырмауда маңызы зор екенін атап өтті.

«Шымкент — қарқынды дамып келе жатқан мегаполис, инвесторлар есебінен салынған қосалқы станция салынып жатқан жаңа тұрғын үйлерді және коммерциялық нысандарды тұрақты және сапалы электрмен қамтамасыз етеді. Станцияны қосу халық саны өсіп келе жатқан қаланың энергетикалық қажеттілігін қамтамасыз етудегі басты қадам болмақ», — деді Ғ.Сыздықбеков.

Айта кетейік, бірінші кезеңде 5 221 абонент электр энергиясымен қамтамасыз етіледі, оның ішінде 5 057 жеке және 164 заңды тұлға. Алдағы уақытта қосалқы станция 7500-ден астам абонентті қосып, тұрғындар мен бизнестің сұранысын қамтитын болады.

Қазақта «Жақсының артынан сөз ереді» деген тәмсіл бар. Ғабит Сыздықбековтің осындай еңбектері кейбір жандарға ұнамауы да мүмкін. Мәселен, жуырда белгілі экономика сарапшысы, журналист Айбар Олжаев өзінің Фейсбуктегі парақшасына Шымкент әкімі жайлы тапсырыспен жазылғандай көрінетін пост жариялапты. «5 миллиард теңге инвестицияның жолын жапқан Шымкент әкімдігі» деген тақырып қойылған постта қала әкімдігі «Су ресурстары маркетинг» ЖШС-ін стратегиялық нысан ретінде мемлекет меншігіне қайтарып алмаққа әрекеттеніп жатқанын сынға алған. Автордың жазуынша, әкімдіктің бұл әрекеті бүткіл Қазақстанның инвестициялық имиджіне нұқсан келтіреді екен және енді инвесторлар елімізге инвестиция салудан қашқақтай бастайды, ал халықаралық банктер несие беруді тоқтатады-мыс. Сондай-ақ, автор Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбековті Президенттің саясатына қарсы жұмыс істеп жатқандай етіп көрсетеді.

Егер солай болса, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Ғабит Сыздықбековті арнайы «Парасат» орденімен марапаттар ма еді?

Иә, таяуда ғана Ұлттық мереке – Республика күні қарсаңында Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Жарлығымен еліміздің әлеуметтік-экономикалық және мәдени дамуына, халықтар арасындағы достық пен ынтымақты нығайтуға қосқан елеулі үлесі мен белсенді қоғамдық қызметі үшін Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбеков «Парасат» орденінің иегері атанған болатын.

Инвестиция келсек, Шымкентке шетелдік талай компаниялардың инвестиция құйып, өндіріс орындарын ашуға ниеттеніп жатқаны жайлы ақпаратты біз де жиі жариялап келеміз.

Айталық, жуырда Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбеков «Fabe Polska» поляк компаниясының басшылығымен кездесті. Кездесу барысында Шымкентте аумағы 150 гектарды құрайтын жоғары технологиялы жылыжай салу туралы меморандумға қол қойылды. Ауқымды жобаның жалпы құны 120 миллион АҚШ доллары. Инвестициялық жобаны жүзеге асыру нәтижесінде жылына 36 мың тонна қызанақ пен қияр өндіріп, 800-ден астам жаңа жұмыс орнын ашу жоспарланып отыр.

Өндірілген өнім жергілікті нарыққа және шетелге экспортталады. Қала әкімі инвесторларға мұндай жобаны жүзеге асыруға қызығушылық танытқаны үшін алғыс айтты. «Инвестициялық климатты қолайлы ету – қаланың дамуының маңызды бағыттарының бірі. Біз мұндай жобаларға әрқашан жан-жақты қолдау көрсетуге дайынбыз. Себебі, бұл қаланың ғана емес, тұтас елдің дамуына оң ықпал етеді», — деді Ғ.Әбдімәжитұлы.

Мына ақпаратты да қоса кетейік.

Шымкент қаласының креативті индустрия өкілдерін қолдау және дамыту мақсатында арнайы жәрмеңке өтті. Шара қала әкімдігінің бастамасымен ұйымдастырылды. Жалпы жәрмеңке қолөнердің ежелгі түрін сақтауға, талантты жас шеберлерді қолдауға және Шымкент қаласында креативті индустрия саласын дамытуға өз ықпалын тигізеді.

Жалпы, қала экономикасына құйылып жатқан инвестицияның артуы мен кәсіпкерліктің дамуы жаңа жұмыс орындарының ашылуына сеп болып, нәтижесінде мемлекеттен атаулы әлеуметтік көмек алушылар қатары сиреп келеді.

Білесіздер, атаулы әлеуметтік көмек — отбасылардың табысы кедейлік шегінен аспайтын азаматтарға беріледі. Алайда, бұл ұзақ мерзімді емес. Тек отбасының жан басына шаққандағы табысы кедейлік шегінен асқанға дейін ғана төленеді.

Жыл басынан бері 8 511 отбасының 44 342 мүшесіне АӘК тағайындалды. Өткен жылмен салыстырғанда әлеуметтік көмек алушылардың саны 29,7 пайызға азайған. Мәселен, 2023 жылдың осы кезеңінде 12 108 отбасындағы 61 605 адам АӘК алған. Бұл көрсеткіш жұмыспен қамту шараларының оң нәтижесін көрсетеді.

1-6 жас аралығындағы балаларға төленетін 1,5 АЕК көлеміндегі (5 538 тг) жәрдемақы биыл 7 608 отбасының 14 907 баласына берілді. Бұл көрсеткіш те төмендеген. Өткен жылы 12 927 отбасындағы 24 521 балаға төленген. Биыл 28 пайызға азайған.

Жалпы, 2024 жылдың III тоқсанына арналған мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмектің орташа мөлшері 36 637 теңгені құрап отыр. Бұл көмек әр отбасының жан басына шаққандағы орташа кіріс пен кедейлік шегінің арасындағы айырмашылық негізінде есептеледі.

Осы аз ғана мысалдардың өзінен қаламызда қандай ауқымды жобалардың қолға алынып, бірталай жұмыстардың атқарылып жатқанын байқауға болады. Көкірек көздері ашық жандарға бәрі де айқын көрініп тұр. Осы қарқын сақталса Шымкенттің әлі де талайлар осында тұруды армандайдын әйдік шаһарға айналары хақ!

 

 

 

Ұқсас ақпараттар

ҚАЛА БАСШЫСЫ ЕҢБЕКШІ АУДАНЫ ӘКІМІНІҢ ЕСЕБІН ТЫҢДАДЫ

smarttop

ІШКІ САЯСАТ- ІШКІ ТҰРАҚТЫЛЫҚ КЕПІЛІ ЕКЕНІН ДӘЛЕЛДЕДІ

smarttop

Полицейлер рейдтік шара кезінде кеурек өсімдігін қазған 51 шетелдікті анықтады

smarttop

Пікір қалдыру