0.3 C
Шымкент
Пятница, 22 ноября, 2024
Smarttop.kz

ТҮРКІСТАН: ЭКОБАЗАР БАҒАНЫ ТҰРАҚТАНДЫРАДЫ

Түркістан қаласында Экобазардың техникалық ашылуы өтіп, арнайы тексерілді. Мұнда Түркістан облысы мен басқа да облыс, қалалардың диқандары өз өнімдерін саудалай алады. Техникалық ашылуына облыстың бірқатар аудандарынан өнімдер саудаланды. Шардара ауданынан – балық пен күріш, Бәйдібек ауданынан – жеміс-жидек, Ордабасы ауданынан – құс еті мен жұмыртқа және өзге де азық — түлік арзан бағада ұсынылуда.
Сауда кешені жаңа автовокзал маңында орналасқан. Онда өзге облыстар мен Өзбекстанға көліктер қатынайтын болады. Заман талабына сай сауда орталығында қала тұрғындарына және Түркі елінің рухани астанасына келетін туристерге қолайлы сауда жасауға барлық жағдай жасалған.
Базар аймағында тауар сақтауға арналған 300 микроклиматтық қойма бар. Сонымен бірге «Grand Bazar Yassy & EcoBazar» Экобазары келушілерге қонақ үй, демалатын орындар, ойын-сауық кешендерін мен фудкортты ұсынады. Қауіпсіздікті сақтау үшін күзет қызметкерлері жұмыс істейді, бейнабақылау камералары орнатылған. Барлық санитарлық нормалар сақталған. Базарда электронды және ақылды қоларбалар іске қосылады.
Аталған базарда кәсіпкерлер үшін «Яссы бизнес» бағдарламасы арқылы 4 пайызбен 5 жылға 60 миллион теңгеге дейін кепілдік арқылы несие беру көзделіп отыр. Бұл жөнінде Түркістан облысы кәсіпкерлік және сауда басқармасы мен «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қорымен келісім жасалған.
– Экобазар – дәстүрлі ауыл шаруашылығы нарығының және заманауи жайлы сауда орталығының артықшылықтарын біріктіретін жаңа форматтағы фермерлер базары. 14 гектар жерге орналасқан базарда 3000-ға жуық сауда орны бар. Оның ішінде 900 орын – азық-түлікке, 1500 орын – киім-кешекке, 500 орын – тұрмыстық тұтыну тауарларына арнайы жабдықталған. Жиһаздарға 1000 шаршы метр орын дайындалған. Көтерме бағадағы бұл базар диқандардың өздері өндірген ауыл шаруашылығы өнімдерін жылдам өткізуге, азық-түліктің сапасын сақтауға, тасымалдау шығынын азайтуға өте қолайлы болмақ, – дейді Экобазардың бас директоры Бақнұр Аюбек.
Осы тұста ерекше айта кетерлік жайт, соңғы жылдары ірі қара мал етін өндіруде және экспорттауда Түркістан облысы елімізде көш бастап келеді. Өңіріміздің ет өнімдері Қытай, Өзбекстан, Ресей, Иран елдерінде, сондай-ақ Біріккен Араб Әмірліктерінде жоғары сұранысқа ие болып отыр. Ал қауынға Германияда сұраныс жоғары. Бұл деректер Түркістан өңірінің азық-түлік өнімдерінің сапалы әрі экологиялық таза екендігін аңғартады. Енді аталған өнімдер Түркістандағы Экобазарда жұртшылыққа ұсынылып, осы орталықта жүздеген жұмыс орны құрылмақ. Енді ғана жұмысын бастап жатқан Экобазар биыл толық күшіне еніп, еліміздегі ең таңдаулы сауда орындарының біріне айналатынына сенім мол.

Ұқсас ақпараттар

ШЫМКЕНТТЕ САПАЛЫ ЖОЛМЕН ҚАМТУ КӨРСЕТКІШІ 71,2 ПАЙЫЗҒА ЖЕТЕДІ

smarttop

ҰСТАЗДАР ҚАУЫМЫ ЖОЛДАУДАҒЫ БІЛІМ САЛАСЫН ҚОЛҒА АЛУДА

smarttop

ШЫМКЕНТТЕ ЖАҢА АЯЛДАМАЛАР ОРНАТУ ЖҰМЫСТАРЫ БАСТАЛДЫ

smarttop

Пікір қалдыру