Түркістан облысы, Мақтаарал ауданында 8 наурыз — Халықаралық әйелдер күні қарсаңында аудан әкімі Бақыт Асанов әйелдер қауымына мерекелік дастархан жайып, көктемнің шуақты мерекесімен арнайы құттықтады. Салтанатты іс-шараға ауданның әжелері, көпбалалы аналар және түрлі салада белсенді қызмет етіп жүрген қыз-келіншектер қатысты.
— Әйел – тіршіліктің тірегі, отбасының шырағы, тәрбиенің шырайы. Сіздердің бойларыңыздағы қайрат, шапағат пен шарапат, қайсарлық пен құлшыныс күллі әлемнің тамырына нәр беретіні сөзсіз. Бүгінде қыз-келіншектеріміз қоғамның қай саласында да белсенді қызмет етуде. Мерекелеріңізбен құттықтай отырып, зор денсаулық, отбасыларыңызға бақ-береке, еңбектеріңізге табыс тілеймін, — деді Бақыт Насырханұлы.
Мерекелік жиында «Алтын алқа» және «Күміс алқалар» тапсырылды. Қыз-келіншектер марапатталды.
Мереке қарсаңында аудан әкімі Атакент кентінің 103 жастағы тұрғыны Азия Сердалиеваның шаңырағында болып, арнайы құрмет көрсетті.
Айта кетейік, мереке қарсаңында аудан әкімі Бақыт Асанов, аудан әкімінің орынбасары Бейсенбай Төребеков, «Аманат» партиясы Мақтаарал аудандық филиалы төрағасының атқарушы хатшысы Досым Асабаев бастаған топтар ауылдарды аралап, тыл ардагерлерін, жалғызілікті қарттарды, әлеуметтік жағдайы төмен көпбалалы аналарды мерекемен арнайы құттықтап барды.