Шымкент қаласының әкімі жанындағы әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі комиссияның кезекті отырысы өтті.
Комиссия төрағасы, қала әкімнің бірінші орынбасары Шыңғыс Мұқан, құзырлы мемлекеттік органдар және жергілікті үкіметтік емес ұйым басшылары қатысқан жиында Қазақстан Республикасындағы 2030 жылға дейінгі отбасылық және гендерлік саясат тұжырымдамасын іске асыру бойынша бірқатар мәселелер қаралды.
Бекітілген жоспарға сәйкес, әйелдер кәсіпкерлігін қолдау орталықтарының жұмысы және кәсіпкер әйелдерді қаржылық және қаржылық емес қолдау шаралары, қиын өмірлік жағдайға тап болған отбасыларға көмек көрсету бойынша ведомствоаралық өзара іс-қимыл, отбасылық зорлық-зомбылықтан зардап шеккен азаматтардың дағдарыс орталығындағы жағдайы, өзекті мәселелері, полиция жанындағы әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау тобы инспекторларының жұмысы туралы және тағы басқа бірқатар мәселелер талқыланды.
Сонымен қатар, «Отбасыдағы зорлық-зомбылықсыз Қазақстан» пилоттық жобасының Шымкент қаласында іске асырылу барысы мен отбасылық және гендерлік саясатты іске асыруға бағытталған мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс аясында атқарылған жұмыстар жөнінде баяндамалар тыңдалып, өзекті мәселелерді шешу жолдары талқыға түсті.
Жиын қорытындысы бойынша Шымкент қаласының әкімі жанындағы әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі Өңірлік комиссия тарапынан тиісті жұмыстарды жүргізу бойынша бірқатар құзырлы органдарға ұсыныстар берілді.