Қазіргі таңда пәтер ұрлығы елімізде жиі орын алуда. Десекте осы ұрлық түрінің алдын алып, болдырмау мақсатында, полиция қызметкерлері қарқынды іс-шараларды жүргізуде.
Нақтырақ айтсақ, Түркістан облысында жыл басынан бері пәтер ұрлығы бойынша 180 жайт тіркелген. Оның ашылымы 71%-ды құрады.
Мысалы, Түлкібас АПБ-ға жергілікті тұрғын арызданып келді. Оның айтуынша құрылыс жұмыстары әлі бітпеген үйіне белгісіз біреулер терезе арқылы кіріп, тұрмыстық техникалар мен құрылысқа қажетті заттарын ұрлап кеткен. Жәбірленушіге келтірілген шығын 800 мың теңге. Аталған жайтты полицейлер ҚР ҚК-нің 188-бабы «Ұрлық» бойынша тіркеп, шұғыл іздестіру жұмыстарын бастап кетті.
Түлкібас АПБ-ның қызметкерлері осы ұрлық жайтын ашу мақсатында оқиға орнына тез арада келіп, қажетті шараларды жүзеге асырды. Жақын аймақтарды мұқият тексеріп шығып, көрген-білгендерден жауап алды. Соның нәтижесінде небары 1 тәулік ішінде күдікті ұсталды.
Белгілі болғандай, ұсталған күдікті азамат Шымкент қаласының тұрғыны болып шықты. Күдікті бас пайдасының қажеттілігі үшін осындай әрекетке барған. Ол түнгі сағат 03:00 шамасында тұрғынның үйіне ұрлыққа түскен. Қазіргі таңда күдікті қамауға алынып, оған қатысты сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.
Түркістан облысы полицейлері ұрлық қылмысының алдын алу үшін сауда орындарына, ғимараттарға, үйлеріңізге бейнебақылау камералары мен дабылқаққыштар орнатуға кеңес береді. Сонымен қатар дүкенді ашық күйде қалдырмай, есік-терезелердің жабылғандығына толық көз жеткізіп алыңыздар. Ұрлық орын алған сәтте, тез арада полицияның «102» телефоны арқылы хабар беріңіздер деп ескертеді.