Шымкенттік жас маман Сандуғаш Жапек “Жастар практикасы” бағдарламасымен қаладағы нөмірі 24-ші “Алма” бөбекжай-балабақшасында мейірбике болып жұмыс жасауда. Ол Түркістан медицина колледжінің түлегі. Арнаулы орта оқу орнын “Мейіргер ісі” мамандығы бойынша бітірген. Жас маман аталған мектепке дейінгі мекемеге 2022 жылдың сәуір айында жолданған.
— Оқуды тәмамдаған соң бірден “Жастар практикасы” бағдарламасына қатысуға бел буып қалалық халықты жұмыспен қамту орталығына бардым. Жұмыссыз жас ретінде тіркеліп, қажетті құжаттарды өткіздім. Көп ұзамай маған бөбекжай-балабақшасына жолдама берді. Жұмысым жақсы. Балалардың, қажет болса қызметкерлердің денсаулығын қадағалаймын. Алғашқы ем-домын жасаймын. Болашақта емханада жұмыс жасап, қала тұрғындарының денсаулығын жақсартуға үлес қосқым келеді, — дейді Сандуғаш.
Жалпы, “Жастар практикасы” бағдарламасы жастарға мамандығы бойынша тәжірибе жинақтауға зор мүмкіндік.
Айта кету керек, 2022 жылы аталған бағдарлама аясында 2000-нан астам жасқа жұмыс орындарына жолдама беру жоспарланған. Жыл басынан 1000-нан астам жас жолданып, олар мемлекеттік және жекеменшік мекемелерде жұмыс жасап жатыр.
📍Ақпарат: “Жастар практикасының” мерзімі — 12 ай. Жалақысы: 30 АЕК.
📍Бағдарламаға 29 жастан аспаған, “жұмыссыз” мәртебесі бар, ЖОО және колледжді 2020,2021,2022 жылы тәмамдаған (техникалық және кәсіби білім) түлектер қатыса алады.