Бүгін Шымкент қаласы Қайтпас -1 шағынауданында газдан уланудың алдын-алу және рұқсат етілмеген орындарда шомылудың қауіптілігі жөнінде түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Шымкент қаласының қалалық орта сапасы және бақылау басқармасы, Қаратау әкімдігі, Қаратау ауданы төтенше жағдайлар басқармасының мамандары және Шымкент қалалық Жастар ресурстық орталығының ерікті жастары бірлесе отырып, үйлерді аралап, тұрғындарға қауіпсіздік ережелерін түсіндірді.
— Шымкент қаласында өткен жылыту маусымында 600-ге жуық адам газдан уланды. Жылыту маусымы аяқталғанына қарамастан тұрғындардың улануы әлі де кездесіп жатыр. Сондықтан қауіпсіздік ережелерін халыққа барынша түсіндіріп жатырмыз. Ең бастысы «Қазақстан Республикасының газ және газ жабдықтау» туралы заңының талаптарына сәйкес әрбір тұтынушы үйішілік техникалық қызмет көрсетуші компаниялармен келісім шарт жасауы міндетті. Мұндай мекемелер газ қондырғыларының дұрыс орнатылуы мен пайдаланылуын және өзге де қауіпсіздік шараларының сақталуын қамтамасыз етеді. Заңның осы талабының тұрғындар тарапынан ескерілмеуі адамдардың газдан уланып, тіпті кейбірінің қазаға ұшырауына себеп болуда, — дейді Шымкент қаласының қалалық орта сапасы және бақылау басқармасы газ — техникалық инспекция бөлімінің бас маманы, мемлекеттік инспектор Данияр Әшірәлиев.
Айта кетейік, тиісті мекемелер тұрғындар арасында осындай түсіндіру жұмыстарын тұрақты түрде жүргізіп келеді.
«Шымкент келбеті» — Айдар ҚҰЛЖАНОВ,