«Тау самалы» балалар демалыс лагерінде ұйымдастырылған Шымкенттің ерікті жастарының екі күндік слеті басталды.
Оған қаламыздың белсенді жас студенттері мен оқушылары қатысты. Барлығы да еріктілер қозғалысының мүшелері.
Жастар жиынына Шымкент қалалық ішкі саясат және жастар істері жөніндегі басқармасының басшысы Мұратжан Шотанов қатысып, еріктілерден құралған жас өнерпаздардың концертін тамашалады.
—«Ерікті» деген ұғым қазаққа жат емес. Ата-бабаларымыз бір істе бір-біріне қолдау білдіргенде барлығы бірігіп асарлататын болған. Сол «асар» сөзі бүгінгі еріктінің мағынасына өте жақын. Ендеше еріктілер қозғалысы қаламызда жандана беруі тиіс, — деді басқарма басшысы. Тау баурайында жатқан лагерь – өзінің ерекше көрінісімен көз тартады. Қаншама баланың тағдырын тоғыстырған мекен – жастардың достық көпіріне айналған. Патриоттық шаралардың көптеп өткізілуі, өз кезегінде балалардың болашақта тұлға болып қалыптасуына үлкен септігі бар. Лагерь сізге ойын ойнауға, оттың жанында ән айтуға, спортпен шұғылдануға, жарыстарға қатысуға және сонымен бірге шет тілдерін үйренуге мүмкіндік береді. Лагерьдің өзі қалалық шудан 40 минуттық жерде, Іле Алатауы тауларында 1500 метр биіктікте орналасқан. Демалыс үйінің аумағында жылытылатын ашық бассейн, 200 орындық конференц-зал, люкс және жартылай люкс нөмірлері бар үлкен үш қабатты корпустар бар.
Шымкент қалалық жастар ресурстық орталығының директоры Мағжан Исахов екі күндік слетте жастар топқа бөлініп, көшбасшылық қасиетті дамыту, адамдар арасында лидер атану бойынша дәрістер мен жаттығулардан өтіп, жеңімпаз атанғандар бағалы сыйлықтармен марапатталатынын айтты.
Демалыс аймағындағы думанды басқосуда басқарма басшысы М. Шотанов жастармен бірге алау отын жағып, «галстуксіз» жағдайда түрлі тақырып аясында өзара пікір алмасты.
«Шымкент келбеті»