Ел Президенті шағын және орта бизнестің жалпы өнімдегі үлесін 2025 жылға қарай 35 пайызға көбейтуді тапсырған болатын. Осы мақсатта Шымкент қаласында «Стандарт» жеке индустриалды аймағы салынуда. Қала әкімі аталмыш аймаққа барып, құрылыс жұмыстарымен танысты.
Мұнда шағын және орта бизнес субъектілері шоғырландырылады. Қала бойынша даму үлесін қосу бойынша шағын және орта бизнестердің қарқынды жұмыс жасауы индустриялды аймақ құрудағы үлкен рөл атқарады. Аумағы 118 гектарды құрайтын жеке индустриялық аймақта 176 мың ш.м дайын өндірістік алаңдар, оның ішінде 64 мың ш.м қойма алаңдарын салу жоспарланып отыр. 30 млрд теңгені құрайтын инвестициялық жоба жүзеге асқанда 3 мың адамға жаңа жұмыс орны ашылмақ. Құрылыс жұмыстары 2025 жылға дейін 3 кезең бойынша жүргізіледі.
М.Әйтенов тиісті сала басшыларына инженерлік- инфрақұрылыммен қамту жұмыстарының кешіктірілмеуін назарға алып, жұмыс қарқынын арттыруды тапсырды.
Шымкент қаласындағы Қаратау ауданындағы 2 индустриялды аймағы жайында айтар болсақ, қала әкімінің Қаратау ауданы тұрғындарымен өткен есепті кездесуінде аудан әкімі Р.Мүлкеманов негізгі көрсеткіштерді атап, жоспарлармен таныстырды.
Қаратау ауданында 12 ірі және орта кәсіпорындар жұмыс істейді. Мемлекет басшысының 2025 жылға қарай өңдеу өнеркәсібінің экспортын 1,5 есеге көбейту туралы тапсырмасына сәйкес, 2 индустриалды аймақ ашу жұмыстары басталды.
Оның бірі – «Бозарық» тамақ өнеркәсібі индустриалды аймағы – 23 млрд теңгені құрайтын инвестициялық жоба. 1500 жұмыс орнын құрумен 21 жоба іске аспақ.
Екіншісі – «Агроиндустриалды аймақ» өндірістік жылыжай кешені — 11 млрд теңгені құрайтын инвестициялық жоба. 369 жұмыс орнын құрумен 14 жоба жүзеге асады.
Шымкент қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі