Бүгін қала әкімі М.Әйтенов Тұран шағын ауданында жаңадан бой көтеріп жатқан тұрғын үйлердің құрылыс барысын тексеріп, көшпелі жиын өткізді. Онда пайдалануға берілген үйлердің кемшіліктері бойынша өзекті мәселелер тұрғындармен бірге талқыланып, жауаптыларға нақты тапсырмалар жүктелді. Жаңа шағынауданның тұрғындарына қолайлы жағдай жасау үшін ең алдымен мұнда инженерлік инфрақұрылым жұмыстары сапалы болу қажет екенін айтқан қала басшысы сала жетекшілеріне әлеуметтік және тұрғын үй обьектілерінің құрылыс сапасын да қатаң бақылауға алуды айтты.
Шағын ауданда өткен жылы 27 үй пайдалануға берілсе, биыл 41 үй құрылысы жүруде. М.Әйтенов әрбір кемшілік бойынша мердігерлерге қатаң ескерту жасап, тез арада қалпына келтіруді тапсырды. Бүгінде Тұран шағынауданын сапалы ауыз сумен қамту құрылысы толық аяқталған. Қазіргі уақытта тұрғын үйлерді суға қосу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Сонымен қатар, электр қуатымен қамту құрылысы да қарқынды жүргізілуде. Құрылыс жұмысы 2022 жылы аяқталып, пайдалануға беру жоспарланған. Сондай-ақ, Тұран шағынауданында барлығы 13 көшенің құрылысы жүргізілуде. Жобаға сәйкес, жаяу жүргіншілерге арналған аяқ жол, веложол және автомобиль жолдардың сызбалары енгізілген. 2021 жылы №2,6,8,10 – барлығы 4 көшенің жол құрылысы аяқталады. Қалған 9 көше құрылысы (№1,3,4,5,7,9,11,12,13) 2022 жылға өтпелі.
Табиғи газ бойынша — 5 тұрғын үй қосылған, қалған 20 үйдің қамтылуы қыркүйекке дейін жоспарланған. Шағын аудандағы ішкі орамдарда электр желісі, су жүйесі, жылу жүйесі мен кәріз жүесі сынды инженерлік инфрақұрылым жұмыстары толығымен аяқталған.
Ал, абаттандыру жұмыстарына сәйкес газондардың су жүйесі реттеліп, кіші архитектуралық формалар қойылмақ.
Шымкент қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі