Түркістан облысы Полиция департаментінің Жедел басқару орталығына сарыағаштық тұрғын хабарласып, өтінішін айтты. Жас жігіттің айтуынша, оған жол ережесін бұзбаса да айыппұлдар келіп тұрған. Сондықтан тұрғын көлігінің нөмірін біреу тағып жүруі мүмкін екенін айтып, күдігін жеткізген. Күні-түні қызметте отырған полицейлер, орын алған құқық бұзушылықты анықтауға бірден кірісті. Тәртіп сақшылары қажетті деп танылған барлық шараларды іске асырды. Нәтижесінде жедел басқару орталығындағы бейнебақылау камераларын жіті қарау барысында, полицейлердің назарына күмәнді көлік ілінді. Яғни Жедел басқару орталығындағы қызметкерлер, Түркістан қаласы Әмір-Темір көшесінде «Мерседес» маркалы автокөлікті анықтады. Ол полицияға өтініш айтқан тұрғынның нөмірімен жүрген. Осыған орай патрульдік полиция батальонының қызметкерлеріне тез арада хабар беріліп, бірден автокөліктің жүрген жері нақтыланып,тоқтатылды.
Белгілі болғандай, «Мерседес» маркалы көлік жүргізушісі мемлекеттік нөміріндегі 1 әріпті өзгертіп, басқа әріпті жапсырып қойған. Яғни сол сәтте оның айыппұлдары өзіне емес, керісінше сарыағаштық тұрғынның атына шығып отырған. 90 000 теңге көлеміндегі айыппұлдардың көбісі жылдамдықты шектен тыс асырғаны үшін болған. Нәтижесінде «Мерседес» маркалы көлік жүргізушінің заң бұзушылықтарына қатысты ҚР ӘҚБтК-нің 590-бабы 1-бөлігі «Көлік құралдарын пайдалану қағидаларын бұзу» бойынша әкімшілік хаттама толтырылды. Ал көлік айыптұраққа жеткізілді.
Түркістан облысының полицейлеріне сарыағаштық тұрғын шынайы ризашылығын жеткізіп, алғыс бейнежазбасын жолдады: «Маған жылдамдықты асырмасамда айыппұл түсіп жатты. Содан айыппұлдардың көбісі Шымкент қаласында орын алғандықтан, Шымкент қаласының полициясына арыздандым. Одан кейін Түркістан облысының полицейлеріне де өтінішімді айттым. Бар ойым өзге біреу менің нөмірімді пайдаланып жүр дегенге келді. Күдігім расталды. Түркістан облысының қырағы полицейлерінің шұғыл жұмысы барысында кінәлі көлік жүргізушісі небәрі 3 күн ішінде табылды. Өте қуаныштымын. Тәртіп сақшыларына Алла разы болсын!»-деп шынайы алғысын білдірді. Түркістан полициясы ескертеді: кез келген жүргізуші Заңда белгіленген ережелерге бағынып, соны ұстану қажет. Миллиондап айыппұл арқаламас үшін, жол ережесіне бағыныңыз!