Шымкент қаласының инфрақұрылымын жүйелендіру мақсатында «Ақылды қала» жобасы негізінде жарықтандыру саласы автоматтандырылуда. Көше жарығы диспетчерлік орталық ағымдағы жылдың мамыр айынан бастап өз жұмысын бастаған болатын.
Қала тұрғындары осы күнге дейін көшені жарықтандыру жөнінде жиі шағымданып келген болатын. Қала әкімі көше шамдарын орнату және жарықтандыру жүйелерінің құрылысы туралы баяндап, тұрғындардың сауалдарына жауап берді.Орталық арқылы әзірше қала аумағындағы 97 көшенің жарықтандыру жүйелері толықтай басқарылуда. Яғни, істен шыққан жарықшамдар кері байланыс арқылы автоматты түрде мониторда көрсетіледі және түнгі мезгілде көлік қозғалысы баяулаған кездерде жарық беру пайызы автоматты төмендейді. Бұл электр қуатын едәуір үнемдеуге септігін тигізеді.
Жалпы Шымкентте орталық маңызға ие 747 көше бар. Өткен жылы 39 көшеге жарық жүйесі орнатылса, 4 көшеде қайта құру жұмысы жүргізілді. Нәтижесінде көшені жарықпен қамту 25 пайыздан 31 пайыздан асты. Ленгір тас жолы бойындағы ескі шамдарды диодты шамға ауыстырылды. Қосымша жарық жүйесін орнатуға 161,2 млн теңге қаржы қаралып тиісті жұмыс атқарылды.
–Қазіргі таңда, шаһардағы 228 көше мен 8 саябақ, 32 гүлзар және 1026 көпқабатты тұрғын үй ауласында 43 016 дана түнгі жарық шамы жарқырап тұр. 2021-2023 жылдары көшені жарықтандыру мен оны күтіп ұстау бойынша мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында 16,4 млрд теңгеге бірқатар жобалар жүзеге асырылады, — деді қала әкімі.
Бүгін аталған орталыққа қала әкімі Мұрат Әйтенов арнайы барып, операторлардың диспетчерлік жұмысы мен бірегей жобаның мүмкіндіктерімен танысу барысында, тұрғындар қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында қала аумағында басқа да жаңа технологияларды зерттеп, қала өміріне енгізуді тапсырды.
Қазіргі уақытта әлеуметтік маңызы бар 747 көшенің 324-і жарықтандырылған. 2024 жылы барлық көшелерді 100 % автоматтандыру жоспарланған.