Шараға қала кітапханашылары, ұстаздар, студенттер, зиялы қауым өкілдері, баға жетпес естелік жазған тұлғалардың ұрпақтары және жинақтың шығуына демеушілік көрсеткен Балтабек Нұрғалиұлы арнайы қатысты.
Көрмеге Абай музейінің қорында сақталған құнды қолжазбалар мен деректер қойылса, «Абай туралы естеліктер» жинағына Турағұл Абайұлының «Әкем Абай туралы», Көкбай Жанатайұлы, Әрхам Кәкітайұлы, Төлеу Көбдіков, Абайдың келіні Кәмалия, Уәсила Мағауияқызы, Мүсірәлі ақсақал, Ниязбек Алдажаровтың және т.б. естелік-әңгімелер топтастырылған. Шара барысында кітап қала және университет кітапханаларына таратылды.Хакім Абай туралы 100 томдық кітап шығару жоспарланып отыр. Ол үшін музей қорындағы материалдар жеткілікті. Жоспарлағанымыздай, жыл сайын жүйелі түрде 10 томнан жарық көріп отырады. Бұл жинақ Абайтану саласына қызығушылығы бар кез келген адамға қолжетімді болғанын қалаймыз.Абай музейін Қазақстанның түкпір-түкпірінен, шетелдерден қонақтар арнайы іздеп келеді. Тұңғыш Президентіміз айтқандай, «Жидебай-Бөрілінің» рухани Меккеге айналғаны осы емес пе?! Елбасының «Абай аманаты» атты мақаласы бізге қуанышпен қатар үлкен жауапкершілік те жүктеді. Өйткені танымдық дерегі мол мақалада Абай музейінің мазмұнын ашатын ойлар көп.Хакім Абай музейі қалалық білім бөлімімен және жоғары оқу орындарымен іс-шаралардың жоспарын түзіп, осы жоспарларға сәйкес музей қабырғасында әр түрлі іс-шаралар өткізеді. Музейде өткен іс-шаралардың барлығы Абайдың ақындық және хакімдік мұрасын халық арасында кеңінен насихаттау, жастардың Абай туралы ой-өрісін кеңейту, Абай шығармашылығын насихаттау, жастар арасында отансүйгіштік сезімді арттыру, қазақстандық рухани бірлікті қуаттау мақсатында өткізеді.