Неміс басқыншыларына қарсы екінші дүниежүзілік соғыста қазақтың қыршын боздақтары ерлікпен шайқасып, жанын пида етті. Сол сұрапыл соғыстың жарасы қаншама жылдар өтсе де жазылмай келеді. Өткенді әлі күнге дейін түгендеп жүрген жайымыз бар. Ресейдің соғыс жылдарындағы архивінен тағы бір батырымыздың есімі анықталды.
Соғыс жылдары елдің мерейі, біздің халқымыздың беделі үстем болды. Жасыратыны жоқ, қазір әлемде қолайсыз жағдайлардың болып жатқанына қарамастан, бүгінгі күнге дейін бейбіт аспан астында бейбітшілікті көзіміздің қарашығындай сақтап келеміз. Ең бастысы, көп ұлтты халқымыздың арасындағы достықтың нәтижесінде тату-тәтті тіршілік жалғасуда. Қасиетті Отанның бостандығы мен тәуелсіздігі жолында сұрапыл да жойқын соғыста қыршынынан қиылған жауынгерлер есімі ел есінде мәңгі сақталады.Туған Отанының бостандығы мен азаттығы үшін ауызбен айтып жеткізгісіз қиындыққа төзіп, Ұлы Жеңіске қол жеткізген майдангерлерден қалыспай, тылда қажырлылықпен еңбек еткен тыл ардагерлеріміздің де еңбегі орасан зор. «Тек қан майданда ғана емес, тылда жұмыс істеп, ашаршылықты, ауыртпашылықты бастан кешіп, таңның атысынан күннің батысына дейін тізе бүкпей жұмыс істеген сол бір қайратты да қайсар жандарға көпшіліктің, анығырақ айтқанда, бүгінгі ұрпақтың ризашылығы шексіз», – деді Елбасы.
Ол – Құрманбек Әлибеков (құжатта осылай жазылған). Там-тұмдап жеткен құнды мәлімет өте қысқа болғанымен, қайсар қазақтың батырлығы әр әрпінен ұшқындап тұрғандай. Үлкен толғаныс сезіммен қайта-қайта оқыдым. Көз алдыма қан майданның қақ ортасында жаулармен бабаларындай қасқайып тұрып шайқасқан қайран ерді елестеттім. Соғыс жағдайында барлық әскери қимылдардың әрекеті мұқият тексеріліп отыратыны белгілі. Сол мағлұматтарды қаттап отыратын «журнал боевых действий» дейтін арнайы құжаты болады.