4.3 C
Шымкент
Понедельник, 25 ноября, 2024
Smarttop.kz

ШЫМКЕНТТЕ “АҢСАҒАН СӘБИ” БАҒДАРЛАМАСЫ АЯСЫНДА 136 СӘБИ ДҮНИЕГЕ КЕЛДІ

🔷 Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша елімізде жүзеге асырылып жатқан «Аңсаған сәби» әлеуметтік бағдарламасы аясында қаламызда көптеген отбасы бала сүю бақытына ие болуда.
Жалпы, республика бойынша жыл сайын 7000 квота бөлінеді. Ең көп квота Алматы, Астана, Шымкент қалаларына қарастырылған.

🔷 Қала аумағында бүгінде 4 репродукция орталығы жұмыс істейді. Қалада ЭКҰ-ға дайындық бойынша қалалық перинаталдық орталықтың консультативті-диагностикалық блогы жетекші медициналық ұйым ретінде бекітілген. Онда 2018 жылдан бастап Бедеулік мәселелері жөніндегі кабинет жұмыс істейді.
Түрлі ем шараларға қарамастан бір жыл бойы түрлі факторларға байланысты физиологиялық жүктілік болмаған ерлі-зайыптылар ЭКҰ квотасына қатыса алады.
Биыл мегаполиске бағдарлама шеңберінде 429 квота бөлінген.

— Шымкент қаласы бойынша 2022 жылдың басында 538 келіншек бедеулік диагнозымен диспансерлік есепке алынған. Оның 293-і әйелдің бедеулігі, ал 271-і ер азаматтың белсіздігі диагнозы бойынша тіркелген. Алайда, өткен жылы мемлекеттік бағдарлама аясында тегін экстракорпоральді ұрықтандыруға 413 орын қаралып, бағдарламаға қатысқандардың ішінен 185 келіншек жүктілік бойынша есепке алынды. Нәтиже 45 пайызды құрады. Бұл ЭКҰ-да өте жоғары көрсеткіш. Себебі, әйелдердің жасына, денсаулығына қарай нәтиже өте төмен болатын кезеңдер де болады. Өткен жылдың қорытындысы бізді қуантып отыр. Сонымен қатар, 62 келіншек бағдарлама аясында ем-шараларын жалғастырып жатыр. Өткен жылдың соңына дейін 33 сәби дүние есігін ашып үлгерді. Бұл көрсеткіш әлі де өсе бермек, — дейді Шымкент қалалық перинаталдық орталықтың бөлім меңгерушісі, қаланың штаттан тыс репродуктологы Г.Рысқұлбекова.
ЭКҰ-ға жіберу туралы шешімді Шымкент қалалық денсаулық басқармасы жанынан құрылған арнайы комиссия қабылдайды. Ал, ем-шара жүргізілетін репродуктивтік медицина орталығын әйелдің өзі таңдайды.

🔷 Қазіргі таңда қалада бедеулікпен есепте тұрған 600 жұп бар. Жыл басынан бері арнайы орталықтарға 261 жұп ЭКҰ квота арқылы жолданды.
Айта кетейік, 2021 жылы қалаға 403 квота бөлінген болса, соның ішінде жүкті болғандар саны-202. Былтырғы жылы 413 квота бөлінген, соның ішінде жүкті болған саны – 220. Бағдарлама қолға алынған соңғы үш жыл ішінде квота арқылы 136 сәби дүниеге келген.

🔷 Шымкент қаласы әкімінің баспасөз қызметі

Ұқсас ақпараттар

ШЫМКЕНТТЕ ДҮНИЕЖҮЗІЛІК ТАЗАЛЫҚ КҮНІНЕ ОРАЙ «ТАЗА ЖАҒАЛАУ» ІС-ШАРАСЫ ҰЙЫМДАСТЫРЫЛДЫ

smarttop

№12 СПОРТ МЕКТЕБІНІҢ ҚОСЫМША КОРПУСЫ КЕЛЕСІ ЖЫЛЫ ПАЙДАЛАНУҒА БЕРІЛЕДІ

smarttop

ТӨРТ ЕЛДІМЕКЕНДЕ ЖАҢА МӘДЕНИЕТ ҮЙЛЕРІ САЛЫНАДЫ

smarttop

Пікір қалдыру