Санаулы күндерден кейін мектеп оқушыларына жазғы демалыс басталады. Ал 11 сынып оқушылары жаңа өмірге жол тартпақ. Олар аз ғана уақытта балалықпен қоштасып, студенттік шақтың қызығы мен шыжығына бетпе-бет келеді. Дегенмен оқушылар білім ұяласының көркейіп, көгалдануына үлестерін қосуды ұмыт қалдырмаған. «Таза Қазақстан» акциясы аясында «Түлектердің ағаш отырғызу» челленджі бірнеше апта бұрын басталған еді. Бүгінге дейін Шымкент қаласының көптеген мектептерінде ұйымдастырылған сенбілік тағы да жалғасын тапты.
Қазыбек би атындағы №36 жалпы орта білім беретін мектебінің мектеп бітірушілері 30 — ға жуық ағаш отырғызды. Бүгінгі жиында оқушылардың жақсы көңіл-күйде жұмыс атқаруларының бірден-бір себебі ұйымшылдық. Бір үйдің баласындай болған жастардың мақсаты бір. Елдің ертеңі үшін туған азамат болу. Айналаны тазалап, жасыл желекке айналдырған мектептің ұжым мүшелері мен оқуышылары бұған дейін де тазалық акцияларына қатысқандарын айтты.
Жас түлектерге білім ордасының ауласын көгалдандыруға, «Түлектер аллеясына» ағаштар отырғызуға ата-аналары қолдау білдірді. «Түлектер аллеясына» осы күні әрбір мектеп түлегі жаңа туя қылқан жапырақты ағаштарын отырғызды. Қолдарына күрек пен шелек алып, жас ағаштарды мәпелеп, тілектерін айтып отырғызған түлектердің ізгі ниеттеріне мектеп-лицей директоры Жанар Төреқұлова да қолдау көрсетті. Мектеп басшысы оқушылармен бірге игілікті іске мұрындық болды.– «Бір жылдығын ойлаған халық бидай егеді, жүз жылдығын ойлаған халық ағаш егеді, мың жылдығын ойлаған халық саналы ұрпақ тәрбиелейді» деген қазақта даналық сөз бар. Міне, бүгін мектеп түлектері сынып жетекшілерімен бірге жақсы істің басынан табылды. Жылдағы дәстүрмен мектеп-лицей ауласын жасыл желекпен көгалдандыруға атсалысты.
– Бұл біздің алғашқы жұмысымыз емес. «Таза Қазақстан» акциясы барысында «Таза өлке», «Киелі мекен», «Жасыл аймақ», «Өнегелі ұрпақ», «Мөлдір бұлақ» апталықтарына да өз үлестерімізді қостық. «Атадан мал қадғанша, тал қалсын» деп бекер айтпаған ғой. Келесі буынға үлгі болу мақсатында осындай игі іске қатысқанымызға қуаныштымыз. Жалпы бұл жұмыстар әр адамға күш береді деп ойлаймын. Сондықтан, барша жасты тазалықты ұстауға және көгалдандыру жұмыстарына атсалысуға шақырамын, дейді бітіруші түлек Гүлнұр Убайдулла.
«Экология, өлкетану және туризм орталығы» КММ қызметкерлері мен «Жер елшілері» тобы және №36 ЖОББМ мұғалімдері мен мектеп бітіруші түлектері қатысқан жиында білім ұясының ауласы тазаланып, әктеу, сырлау және көгалдандыру жұмыстарымен аяқталды.
“Шымкент келбеті”