Бүгін Шымкет қаласының әкімі Ғабит Сыздықбековтың қатысуымен «Бозарық» индустриялық аймағындағы іске асырылатын жылыжай құрылысына капсула салу рәсімі өтті. Ауқымды жобаның негізін қалауға шаһар басшысы және «Аларко Холдинг» түрік компаниясының президенті Йылдыз Үміт Нури қатысты. Мегаполис әкімі оң істі қолға алған инвесторлар мен жауаптыларға сәттілік тіледі.
Аталған индустриалды аймақ Қаратау ауданы Қайнар бұлақ алқабында орналасқан. 600 гектарды құрайтын жоба құрылысы 2 кезеңді қамтиды. Қала әкімінің орынбасары Айдын Мейрамбекұлы жылыжай кешенінің құрылысы аяқталған соң 5 мың жұмыс орны ашылатынын айтты.
— Бұл жылыжай 155 мың тонна қызанақ шығаратын әлеуеті бар Орта Азиядағы ең ірі жылыжай кешені болмақ. Инвестициялық жобаның құны 650 миллион АҚШ долларын, жалпы аумағы 600 гектарды құрайды. Жобаның бірінші кезеңі пайдалануға берілгеннен кейін 2 мыңға жуық жұмыс орны құрылады, ал толық кезеңнен соң 5 мың жұмыс орны ашылады. Өндірілген ауылшаруашылық өнімдерімен негізінен, қала халқы қамтылып, тауарлар еліміздің өзге де аймақтары мен шет мемлекеттерге жөнелтіледі. Құрылыс уақытын қысқарту мақсатында компания Шымкентте жылыжай салуға арналған конструкцияларды шығаратын зауыт ашуды көздеп отыр. Сонымен қатар, жоба аясында халықаралық стандарт бойынша ауыл шаруашылығы мамандарын дайындайтын мамандандырылған академия ашу жоспарлануда,-дейді Айдын Мейрамбекұлы.
Жобалаушы мекеменің ақпаратына сәйкес, құрылыс жұмыстары 2025 жылдың ақпан-наурыз айларында аяқталмақ. Одан кейін тиісті көшет отырғызу науқаны басталады. Бірінші өнім келесі жылдың жаз мезгілінде алынады деп жоспарлануда.
“Шымкент келбеті”