3.3 C
Шымкент
Пятница, 22 ноября, 2024
Smarttop.kz

Құрметті қала тұрғындары!

Өздеріңізге мәлім, мен өткен аптада бірнеше көшпелі кездесу өткіздім. Халықтың ортасына барып, жылдар бойы шешімін таппай келе жатқан маңызды мәселелерді талқыладық. Өткір сұрақтар да болды, түрлі сын да айтылды. Әрине, халық сыны – қатесіз. Мен орынды айтылған сынды әрқашан дұрыс қабылдаймын және нәтиже шығаруға тырысамын. Бұл менің берік ұстанымым. Кездесулерде тұрғындар тарапынан айтылған ең үлкен мәселенің бірі жол сапасы болды. Басшылар бюджеттің ақшасын тиімсіз жұмсап, жолды сапасыз жөндейді деген пікір айтылды. Рас, бұған дейін мүлде жөндеу көрмеген, сапасыз жасалған көшелер бар. Бірақ мен маған дейінгі қала басшыларының әрекетіне емес, өз ісіме жауап берген дұрыс деп санаймын. Менің позициям – кез-келген нәрсе халық игілігі үшін жасалуы керек. Жолға қатысты нақты қандай жұмыстар атқарылып жатыр деген сұрақ туындады. Қысқаша ақпарат берейін.
Қазіргі таңда жолдардың құрылысы, реконструкция, күрделі жөндеу, бағдаршам, жол белгілері мен аялдама орнату бойынша нақты жұмыс жүріп жатыр. Биыл 21,8 шақырым жаңа жолды пайдалануға беру жоспарланған. Оның ішінде оңтүстік айналма жолы бар. 17 шақырым жолда күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр, 24,9 шақырым жолды реконструкциялау жоспарланып қойған. Қала бойынша 345 көше жөнделеді, қазіргі таңда 185 көшеде жөндеу жұмыстары жүріп жатыр. Қаладағы 450 мың шаршы метр шұңқырларды жамау жоспарланып, оның жартысы қазірдің өзінде жүзеге асты. Бұл былтырмен салыстырғанда бес есе көп. Тұрғындардың сұрауы бойынша аз ғана уақытта 36 көшеге асфальт төселді. Сондай-ақ 11 орталық көшенің асфальты жаңартылды. Соңғы рет 2009 жылы жөндеу жұмыстары жүргізілген Әл-Фараби алаңының да тозығы жетіп, шұрық-тесік көбейген еді. Жыл сайын жолды жамай беру бюджетке тиімсіз. Сондықтан жол жамылғысын толық жаңарту жұмыстары жүргізілді. 35 шақырым тротуар салынды. Жол деңгейінен төмен немесе жоғары орналасқан 270 құдық қақпақтары (люк) ауыстырылды. Жол қауіпсіздігі үшін бұның өте маңызды екенін көлік жүргізушілері жақсы біледі. Қаладағы 190 бағдаршам заманауи әдіске көшеді, яғни «ақылды бағдаршам» орнатылады. Алдағы уақытта керексіз жобалар қайта қаралып, үнемделген қаражат жол жөндеу жұмыстарына бөлінеді. Бір ескеретін жайт, жұмыстардың барлығы бюджеттің қаражатына жасалып жатқан жоқ. Демеушілердің есебінен де біраз жоспар жүзеге асты. Мысалы веложолдар ашылып, асфальт төселіп, тротуарлар жаңарып, спорт алаңдары салынып жатыр. Демеушілер қаланың дамуына барынша атсалысып отыр. Неге демеушілер белсенділік танытып кетті? Олар бұрын қайда болған деген сұрақ туындау мүмкін. Бұның да жауабы бар. Себебі қазір қаланың дамуын тежейтін жемқорлық жоқ. Ешкім тендер үшін «откат» алмайды, ешкім тендер үшін процент сұрамайды. Сол себепті кәсіпкерлер қаланың көркеюіне шынайы үлес қосып отыр.
Құрметті қала тұрғындары! Сіздердің тараптан айтылатын орынды сынды шынайы қабылдаймын. Халықпен кездесудегі басты жоспар да мәселелені тұрғындардың өз аузынан есту, ашық пікір алмасу еді. Алайда бір күнде шешілетін мәселе бар да, жоспарлы, жүйелі түрде атқаратын шаруа бар. Жылдар бойы бұл салада жөндеу жұмыстары болмаған. Бүгін біз қала тұрғындарына қолайлы жағдай жасау үшін барынша жұмыс атқарып келеміз. Ешкім халықтан биік емес. Мен Шымкент халқының игілі үшін жұмыс істеуге уәде бердім. Уәде жерде қалмайды. Уақыттың еншісіндегі мәселелерді шыдамдылықпен, сабырлықпен қабылдауды сұраймын. Біз бірге болсақ қана үлкен жетістіктерге жетеміз. Қаламыз гүлдене берсін, халқымыз тыныш болсын!

Ұқсас ақпараттар

АЗ ҚАМТЫЛҒАН ОТБАСЫЛАРҒА КОММУНАЛДЫҚ ТҰРҒЫН ҮЙ КӨМЕГІ ТӨЛЕНЕДІ

smarttop

Полиция қызметкерлері балалар үйінің тәрбиеленушілеріне мерекелік көңіл-күй сыйлады

smarttop

Ішкі істер органдарында 25 жыл қызмет еткен ардагер полицейлер марапатталды

smarttop

Пікір қалдыру