Қазіргі таңда Шымкент қаласының инфрақұрылымды дамыту үшін бірқатар шаралар қолға алынып, қалада құрылыс қарқынды жүріп жатыр. Осыған байланысты бүгін Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбеков қаладағы бірнеше құрылыс нысандарын аралады. Қала әкімі ең алдымен Қонаев даңғылы жалғасының екінші кезеңі бойынша құрылыс барысын тексерді. Биыл жыл соңына дейін Терешков көшесінен Әйтеке биге дейінгі аумақты көлік қозғалысына ашу жоспарланып отыр.
Сонымен қатар, Әл-Фараби ауданы, Әйтеке би көшесінде сауда орындарының қасбеттерін бірыңғай жобалық кодекске сәйкес ретке келтіру жұмыстарын бақылады. Жауапты мамандарға бірқатар нақты тапсырмалар жүктеліп, оның ішінде жаяу жүргіншілер жолын абаттандыру мен көріктендіруге баса назар аудару қажет екендігін атап өтті.
Одан әрі Қаратау ауданы, «Нұрсат» шағынауданында көпқабатты тұрғын үйлердің қасбетін жөндеу жұмыстарымен танысты. Мердігер ұйым өкілдеріне барлық жұмысты тиімді жүргізіп, бекітілген мерзімінде аяқтауды тапсырды.
Сонымен қатар, қала әкімі Ғабит Сыздықбеков Абай ауданында «Шымкент сити» шағынауданының тұрғындарымен кездесті. Әңгімелесу барысында аула аумағын ретке келтіру, бейнекамера орнату және қосу, жылыту маусымына дайындық, сондай-ақ қоғамдық көлік, жасыл желекті суару және қоқыс шығару мәселелері талқыланды. Аудан әкімдігіне бірқатар нақты тапсырмалар жүктеп, азаматтардың өтінішіне жіті назар аударуды тапсырды.
Аралау соңында қала әкімі тұрғындарды тазалық пен тәртіпті сақтауға шақырды. Тазалық өзімізден басталу керек екенін тілге тиек еткен әкім халықтың ой пікірлерін де тыңдап қайтты.
Айта кетейік, тазалық шаралары Шымкент қаласының барлық аудандарында жаппай өткізілуде және қоқыстар жиналып, тазалықты сақтау, жалпы қоршаған ортаға ұқыпты қарау ықпал етіп келеді.