0.3 C
Шымкент
Понедельник, 25 ноября, 2024
Smarttop.kz

ШЫМКЕНТ – БӘСЕКЕГЕ ҚАБІЛЕТТІ ҚАЛАҒА АЙНАЛУДА

Осыдан 2 жылдай бұрын, 2022 жылдың қыркүйегінде Шымкент қаласына жасаған сапарында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев шаһарды еліміздегі төрт хаб-қаланың біріне айналдыру үшін нақты жұмыс жүргізіліп жатқанын айта келіп, Шымкентті өркендетуге қатысты бірқатар мәселеге арнайы тоқталған болатын.

Ең алдымен, Мемлекет басшысы өндірісті дамыту, индустриялық аймақтарды жетілдіру үшін  қала экономикасын әртараптандыруға және отандық өнім шығаруға баса мән беріліп жатқанын жеткізді.

Президент келесі мәселе ретінде ауыл шаруашылығын өркендетуге тоқталып, азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету аса өзекті мәселенің бірі екенін атап өтті.

– Орталық Азиядағы ең ірі нарықтың бірі – Ташкент агломерациясы іргемізде тұр. Сондықтан Шымкент барлық салада бәсекеге қабілетті болуы керек. Осыны ескере отырып, қаланың бас жоспарын келесі жылдың ортасына дейін қайта қарауды тапсырамын, – деген еді Президент.

Сондай-ақ, сыртқы саясатымыз бұрынғыдай теңгерімді, көпбағытты және конструктивті болатынын, Қазақстан Ресеймен одақтастық қарым-қатынасты, Қытаймен мәңгілік стратегиялық серіктестікті, АҚШ-пен стратегиялық серіктестікті, Өзбекстан, Қырғызстан, Түрікменстан, Тәжікстан секілді бауырлас Орталық Азия мемлекеттерімен және Түркиямен жан-жақты ынтымақтастықты, сондай-ақ Азияда, Таяу Шығыс немесе Еуропа құрлығында болсын, әлемнің барлық мүдделі мемлекеттерімен өзара тиімді байланыстарды одан әрі дамытуға бар күш-жігерін жұмсайтынын айта келе, «Мұндай сыртқы саясат халқымыздың мүддесіне сай келетініне сенімдімін», – деген болатын.

Расымен, сыртқы саясаттағы конструктивтілік халымыздың мүддесі үшін жұмыс істеп тұр. Мемлекеттегі тұрақтылық инвесторлардың елімізге қаржы құюына жол ашуда.

Сонымен, Президенттің тапсырмасына сай Шымкент қаласының экономикасын дамыту үшін, бәсекеге қабілеттілікті арттыру үшін қандай жұмыстар атқарылып жатыр? Алысқа бармаймыз, соңғы 20 күндегі экономикаға серпін беретін сүйінші жаңалықтардың кейбіріне ғана тоқталып өтеміз.

6 тамызда Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбеков пен «Guyi Holding Company» құрамына кіретін компания өкілдері үш меморандумға қол қойды. Маңызды келісімдер мегаполис басшысының Сиань қаласына сапарының нәтижесінде жүзеге асып отыр.

Олардың қатарында электромобильдер шығаратын зауыт құрылысы және ағын суларды қайта өңдеу және кәдеге жарату үшін цифрлық жабдықтар шығаратын зауыт салу туралы алдын ала келісімдер, сондай-ақ қаланы көріктендіруге бағытталған жобаларды әзірлеу және қолданысқа енгізу туралы меморандум бар.

Жуырда қала әкімі инвесторларды аумағында электромобильдер шығаратын зауыт құрылысы жоспарланып отырған «Жұлдыз» индустриалды аймағымен таныстырды. Ірі инвестициялық жобаны жүзеге асыру екі кезеңге жоспарланған.

Бұл меморандумдар тек Шымкентте ғана емес, еліміздің өзге де қалаларында да электромобиль өндірісін дамытуға септігін тигізетін стратегиялық маңызды қадам саналады. Қала басшысы инвесторларға сенім білдіргені үшін алғыс айтып, әкімдік тарапынан тиісті қолдау шаралары жалғасатынын жеткізді.

Ал 23 тамызда Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбеков Ресей Федерациясының Қазақстандағы сауда өкілі Антон Логиновпен кездесіп, екі ел арасындағы сауда мен инвестиция бағытындағы ынтымақтастықты нығайту мәселелерін талқылады.

Кездесуде Шымкенттің әлеуметтік-экономикалық дамуы, индустриялық аймақтың жұмыс барысы мен жүзеге асырылып жатқан жобалар туралы ақпарат берілді. Қала әкімі Ресей тарапын әлеуетті инвестициялық жобаларды қарастыруға және іске асыруда қолдауға дайын екенін мәлімдеді.

Келіссөздер барысында сауда-экономикалық ынтымақтастықтың жаңа мүмкіндіктері мен перспективалары да қарастырылды.

Енді көп ұзамай Ресей бизнесмендері де Шымкенттің экономикасына инвестиция құя бастауы ықтимал.

Сондай-ақ, осы күні Ғабит Сыздықбеков пен «Alarko Holding» түрік компаниясының президенті Йылдыз Умит Нури «Бозарық» индустриялық аймағында қызанақ өсіретін ірі жылыжай кешенінің құрылыс алаңына капсула салу рәсіміне қатысты. Инвестициялық жобаның құны 650 миллион АҚШ долларын, оның жалпы аумағы 650 гектарды құрайды.

Жылыжай кешені жылына 155 мың тонна өнім өндіруге қауқарлы. Жобаның бірінші кезеңі пайдалануға берілгеннен кейін 2 мыңға жуық жұмыс орны құрылып, толық іске қосылғанда 5 мыңға жуық адам жұмыспен қамтылатын болады. Өндірілген ауылшаруашылық өнімдерімен негізінен, қала тұрғындары қамтылып, тауарлар еліміздің өзге де аймақтары мен шет мемлекеттерге жөнелтілетін болады.

Қала әкімі Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың инвестиция тарту және өсімдік шаруашылығында суды үнемдейтін озық технологияларды енгізіп, дамыту тапсырмасын іске асыру барысында бұл жобаның рөлі зор екеніне тоқталды. Әкімдік ауқымды жобаларды жүзеге асырып жатқан инвесторларға жан-жақты қолдау көрсетуге қашан да дайын.

«Жобаны жүзеге асыру мегаполистің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етіп, ауыл шаруашылығының тұрақты дамуына және бағаның тұрақталуына ықпал етеді», — деді қала әкімі.

Компания құрылыс уақытын қысқарту мақсатында Шымкентте жылыжай салуға арналған конструкцияларды шығаратын зауыт ашуды көздеп отыр. Сонымен қатар, жоба аясында халықаралық стандарт бойынша ауыл шаруашылығы мамандарын дайындайтын мамандандырылған академия ашу жоспарлануда. Ауқымды жобаны жүзеге асыру жылыжай шаруашылығын дамытуға ғана емес, азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге, жаңа өндірістерді енгізуге және жаңа жұмыс орындарын ашуға ықпал етеді.

Көріп отырғанымыздай, Президентіміз айтқан экономикааны әртараптандыру, азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін ауылшаруашылығын дамыту, инвестиция тарту сияқты тапсырмалары бұлжымай орындалуда. Оған соңғы 20 шақты күндердегі жаңалықтардың өзі-ақ дәлел болы отыр. Біз оның алдында атқарылған қыруар шаруаны айтқан жоқпыз. Осы беталысымыздан жаңылмасақ, Шымкент еліміздегі ғана емес, Орталық Азиядағы экономикасы қарқынды дамыған ірі қалаға айналары хақ.

Ұқсас ақпараттар

БИЫЛ НҰРТАС ШАҒЫН АУДАНЫ ГАЗ ЖӘНЕ САПАЛЫ ЭЛЕКТРМЕН ТОЛЫҚ ҚАМТЫЛАДЫ

smarttop

ШЫМКЕНТ ҚАЛАСЫНДАҒЫ САРБАЗДАРДЫ ШЫҒАРЫП САЛДЫ

smarttop

НАУРЫЗ МЕРЕКЕСІНДЕ ТҮРКІСТАНҒА 35 МЫҢНАН АСТАМ САЯХАТШЫ МЕН ҚОНАҚ КЕЛДІ

smarttop

Пікір қалдыру