Шымкент қаласы әкімінің аппараттық мәжілісінде апатты нысандардың мәселелері мен «Таза Қазақстан» жобасы аясындағы және су тасқыны қауіпсіздігін қамтамасыз етудегі шаралар талқыланды.
Құрылыс басқармасының басшысы О.Тәжібаев сейсмикалық қауіпті аумақтарда орналасқан тұрғын үй-жайларды сейсмонығайту шараларын баяндады. 233 көппәтерлі тұрғын үйге техникалық зерттеу жұмыстары жүргізілген.Нәтижесінде, сейсмонығайтуды қажет ететін – 68, апатты – 67 үй анықталған, тұрақты жағдайда – 98 үй. Қала әкімі тиісті сала басшыларына апатты, сейсмонығайтуды қажет ететін тұрғын үйлер санын анықтауда зерделеу жұмыстарын күшейтуді тапсырды.
Қалалық жайлы ортаны дамыту басқармасының басшысы Ә. Оңғар «Таза Қазақстан» жобасы аясында атқарылып жатқан шаралар барысын жеткізді. Мегаполис басшысы жауаптыларға тазалық жұмыстарына жергілікті тұрғындарды, кәсіпкерлік нысандар қызметкерлерін тартуды ұйымдастыруды тапсырды. Онымен қоса қазан айында апта сайын сенбілік өткізу бойынша тапсырма берілді.
Аппарат отырысында су тасқыны қауіпсіздігін қамту жұмыстары да пысықталды. Жайлы ортаны дамыту басқармасының басшысына төтеншеліктермен бірлесе су жиналу қаупі бар аумақтардағы өзекті мәселелерді шешуді тапсырды.
Сонымен қатар қала әкімі елдімекендерге инженерлік желілерді жүргізумен айналысатын мердігерлердің жолдарды рұқсатсыз қазу жағдайларына қатысты ескерту жасады.
— Қаламызға жанашырлықпен қараңыздар. Кез-келген жерді қазып, халыққа қолайсыздық туғызуға жол бермеу керек. Бұл бағытта мердігерлерге де тиісті шаралар қолданыңыздар. Намысқа тырысып, жұмысты жандандыру қажет, әріптестер – деді қала әкімі.
Барлық аудан әкімдеріне тұрмыстық қалдықтарды дер кезінде жинастыру, тазалық жұмыстарын тиімді ұйымдастыру бойынша нақты тапсырмалар берілді.
Шымкент қаласы әкімінің баспасөз қызметі