-2.7 C
Шымкент
Пятница, 15 ноября, 2024
Smarttop.kz

Елге АЭС неге керек?

АЭС салу ұсынысы 90-жылдардың аяғынан бері талқыланып келеді. Мен экономика министрі болған кезде де осы мәселе кө­терілді. Үкіметте қызу талқылауға түсті. Бірақ жоба қолдау таппады. Себебі ол уақытта электр қуатын өнді­­ретін әлеует жоғары, экономика әлі дағдарыстан шық­паған, электр қуатына сұраныс төмен, қаражат тапшы еді.

Кейінгі 5–6 жылда мәселе қайта көтерілді. Біріншіден, экономиканың қарқынды өсуіне байланысты электр қуаты тап­шылығы байқалса, екіншіден, күн тәртібіне энергияның таза көзін пайдалану қатаң қойыла бастады. Мысалы, былтыр еліміз 115 млрд киловатт-сағат электр қуа­тын тұтынды, соның 112 млрд-ын өзіміз өндірдік. 3 млрд-қа жуық электр қуатын көрші мемлекеттерден алдық. Бұл – энергия тапшы­лығының бірден-бір көрінісі. Оған қоса кейінгі екі жылда энергия қуатын өн­діру тө­мендеді.

Энергетикада «қондырылған қуат» деген ұғым бар. Ол – жаңадан салынған кездегі электр стансасының жалпы өндіру қабілетін бейнелейтін көрсеткіш. Қазір ол елімізде 24,6 ГВт. Бір қарағанда, өте үлкен көлем, бірақ уақыт өте келе кез келген қондырғы ескіреді. Әртүр­лі техникалық ақау болады. Сондықтан айна­лымға «қолжетімді қуат» деген ұғым енгізілген. Бұл – елдегі электр стансаларының қуат өн­діруге жарамдысын бей­не­лейтін көрсеткіш. Ол бізде қазір жоғарыда аталған 24,6 ГВт кө­лемнің 17 ГВт көлеміне жетер-жетпес болып тұр. Сол 17 ГВт көлемнің тұрақты жұмыс істейтін қуаты бар-жоғы 15 ГВт шамасында. Ал таңертеңгі 1–2 сағат пен кешкі 1–2 сағатта электр қуаты ең көп пайдаланылатын кезең саналады. Сол кезде халық сұранысын қамтамасыз етуге бүгінде 16 ГВт қуат керек. Бірақ ондай мүм­кіндік кейде жеткі­ліксіз. Қуат жет­пегендіктен, көрші мемлекеттерден энергия алуға мәжбүрміз.

Бүгінде 31 ел атом электр стансасын пайдаланады. Қазір әлемде 439 энер­­­ге­­­ти­калық реактор жұ­мыс істейді. 19 ел 62 реактор салу сатысында. Атом энергетикасы әлемдегі электр энергиясының жалпы генерациясының 10%-ын құрайды. Еуроодақ атом энергетикасын «жасыл» технологияға теңестірді. Енді 15-20 жылда АЭС қызметі барынша жанданатыны күмән тудырмайды.

Атом энергетикасын да­мытуға бізде жеткілікті әлеует бар. Өндірілетін табиғи уран көлемінен әлемде бірінші орындамыз. Оған қоса елімізде ядро­лық отын компоненттерінің өндірісі бар. Үлбі ме­тал­­лургия зауы­ты базасында АЭС-ке ядро­лық отын шығаратын зауыт іске қосылып, еліміз ядролық отынның белсенді өндірушісіне айналды. Мұндай мүмкіндік көп елде жоқ екенін ескерсек, бізде атом энергетикасын дамытудың ауқымды әлеуеті бар екені, оны ұтымды пай­­­далану байыпты шешім болатыны анық.

Бұл салада еліміздің кадрлық саясаты қалыптасты. Атом өнер­кәсібі мен ғылымда 20 000-нан аса адам еңбек етеді. Жоғары оқу орындарында 2010 жылдан бастап ядролық, техникалық физика бағытында 3 000-нан аса кадр даярланды. «Ұлттық ядролық орталық» пен «Ядролық физика институтында» 3 ядролық зерт­теу реакторы жұмыс істейді. Пайдалануға берілген сәттен бас­тап осы реак­торларды біздің мамандар еш қиындықсыз табысты пайдаланып келеді. Олардың жұмысының нәтижелерін әлем­­дік ғылыми қоғамдастық то­лық мойындайды. Сонымен қатар 1973 жылдан 1999 жылға дейінгі кезеңде Ақтауда БН-350 толыққанды өнеркәсіптік ядролық реакторын пайдаланды, ол реактор апатсыз жұмыс істеді. Бұл – ел құзыреті мен әлеуетінің дәлелі.

АЭС салу туралы оң шешімге келетін болсақ, қай елге салғызып, қай мемлекет техноло­гия­сын әкелетініміз анық­талғанда сол техно­ло­гияға арнап кадрлар даяр­лай бастаймыз. Кадр даярлау аса қиын емес. Он жылда мыңға тарта инженер даярлауға болады. Қазір дайындығы бар адамдар қатарынан кәсіби деңгейі жоғары мамандарды таңдап, 2-3 жыл оқытып, белгіленген елге тәжірибеге жіберсек, дайын маман болып шығады.

Дүние жүзінде қалыптасқан талапқа сай экономиканы тұ­рақты дамытуға энергияның таза көзін пайдалану қажеттігі күн тәртібіне енді. Осы тұрғыда жасыл энергия қатарындағы АЭС-ке балама жоқ екені белгілі. 2035 жылға дейінгі энергетикалық баланс әзірленді. Соған сәйкес экономиканың өсу қарқыны артады, халық саны көбейіп келеді. Аталған мерзімге дейін электр энергиясын тұтыну көлемі сағатына 153 млрд кВт деңгейінде болатыны болжанды. Бұл ретте жұмыс істеп тұрған электр стансаларының өндіру қабілеті 2020 жылғы 108 млрд кВт/сағаттан 2035 жылы 88,6 млрд кВт/сағатқа дейін кезең-кезеңімен төмендейтіні белгілі. Сондай-ақ көмір стансаларының өндіру қабілеті қысқарып, қосымша жасыл энергия санатындағы күн, жел, атом энергиясы мен газ көздерін пайдаланатын 17,5 ГВт электр қуатын енгізу эконо­ми­каның тұрақты дамуына мүм­кіндік бермек.

Кез келген мемлекет эконо­микасының тұрақты дамуы бірінші кезекте электр қуатымен қамтамасыз етуге байланысты. Дәл қазір еліміздің бұл саладағы әлеуеті өте зор. Өндірістің дамуы­на тұсау болатындай энергия тапшылығы байқалмайды. Десек те, өндірісті әрі қарай өрістетуге энергияның таза әрі тұрақты көзіне ерекше көңіл бөлінуге тиіс. Сондықтан елде энергияның ба­лама көзін дамыту мәселесі өткір тұр. Нәтиже де жоқ емес. Қазір жалпы өндірілетін электр қуатының 5%-дан астамы осы балама көзден алынады. Күн мен желден энергия алу ақырын дамып келеді. Осы орайда АЭС салғанша күн мен жел энергетикасын дамытып, неге толық соған көшпейміз деген сұрақ туады. Бұл мәселені де ашық айтқан дұрыс. Бірінші, бағаға байланысты. ЖЭК-тің қазіргі тарифі, әрине, біздің қолданыстағы дәстүрлі стансадағыдан қымбат. Екіншіден, ЖЭК үзіліссіз қуат бере алмайды. Үнемі бір бағытты қатты жел соғып, не үнемі күн жарқырап тұрса ғана үздіксіз энергия береді. Бұл табиғат жаратылысына қарсы. Сондықтан олар сенімді энергия көзі бола алмайды. Оған қоса, ЖЭК-тің қымбат энергиясы экономиканың бәсекеге қабілетін төмендетіп, елді дағдарысқа ұрындырады.

Атом қуатының орнын газ да баса алмайды. Бұл салада кө­міртегі бейта­раптығы саясатын ұс­танған елміз. Көмір жағатын жаңа станса жобалай алмаймыз. Өтпелі кезеңде газ генерациясын ұлғайтуға болар еді, бірақ газ ресурсы жеткіліксіз. Мәселен, қуаты 1 ГВт болатын станса жұмыс істесе, шамамен 2 млрд текше метр газ керек. Ал энер­гетикалық теңгерімде 20 ГВт энергия қуаты қажет десек, оның бәрін газбен жабуға 40 млрд текше метрден астам газ керек болады. Оның үстіне газ-химия саласын дамытып, өңірлерді газдандыруды кеңей­тіп жатырмыз. Аталған бағыттың бәрі­не бірдей жететін газ ресурсы жоқ бізде.

Әлем халқын алаңдатқан ең күрделі мәселе – жер шарындағы климаттың өзгеруі. Мұндай өзгеріс бізде тіптен қатты бай­қалады. Еуропаның көп елінде бұрын-соңды болмаған күн ысуы орын алып, мыңдаған гектар орманды өрт шалып, халық әбігерге түсті. Азия, АҚШ пен Еуропадағы бірқатар елді топан су басып, экономикасына орасан зор зиян келді. Африка мен араб еліне қар жауып, оларда да қиындық туды. БҰҰ қолдауымен жұмыс істеп жүрген халықаралық ғалымдар тобының зерттеу нәтижесіне ден қоялық. 2014 жылы осы топтың 6 баяндамасы жарияланды. Онда жердегі температура тез көтеріліп, салдарынан климат өзгеріп, келеңсіз апатты жағдайлар орын алғанына адамның жауапсыз тірлігі себеп болғаны ғылыми тұрғыдан нақтыланды. Бұл үрдістерді тежеу жолында бүкіл әлем бірігіп күреспесе, жердегі температура 2100 жылға дейін тағы бір градусқа көтеріледі. Онда планетадағы көп аймақта өмір сүруге қауіп төнеді. Бұл ғылыми түрде дәлелденді. Зерттеу нәтижесі негізінде 2015 жылы Парижде 197 елдің басшысы қатысқан жиын болып, Париж келісіміне қол қойылды. Келісімнің негізгі талабы – әр ел 2100 жылға дейін жердегі температураны 1,5 градустан асырмауға атсалысуға тиіс. Оған қол жеткізуде бүкіл әлем көмір, мұнай, газ ресурстарын қол­дануды күрт азайтуы керек. Энер­гияның жасыл түріне көшіп, қажетіне тиімді жаратуды өмір тәртібіне айналдыруға міндетті. Ауадан көмірқышқыл газды сүзіп алатын технология мен басқа шараларды қолдануға кө­шу де – маңызды міндет.

Әлемнің жетек­ші мемлекет­тері қысқа мерзімде арнайы стратегияларын қабылдап, 2050 жыл­дан бастап көмір­сутегі ресурстарына (көмір, мұнай, газ) бейтарап болатындарын немесе сол кезеңнен бастап аталған ресурстарды тіршілікте пайдаланудан бас тартатындарын жариялады. Бұл жиынға біздің ел де қатысып, Париж келісімін қолдады. Бұл тек бізге ғана емес, бүкіл дүниежүзіне оңайға соқ­пайды. Себебі әлем экономи­касы жылына 7,5 млрд тонна көмір, 4,5 млрд тонна мұнай, 4 трлн текше метрден астам газ пайдаланып отыр. Адамзаттың басқа амалы жоқ.

ТМД елдері арасында ауаны ластаудан алдыңғы қатарда тұрмыз. Себебі электр қуатының 68%-ын көмірден аламыз. Газ үлесін 10%-ға, ЖЭК үлесін 5%-ға дейін өсірдік. Ресей электр энергиясының 50%-ға жуығын АЭС пен су электр стансасынан өндіреді. Газдан алатыны – 23-24%. Демек Ресей электр қуатының 70%-дан астамын таза көзден алады. Өзбекстан энергия өндіруде 80%-ын газ бен басқа таза энергия көздерін қолданады. Бұл елде экономика қарқынды өсіп, энергия тапшылығы бай­қалды. Мәселені түбегейлі шешу мақсатында өзбек елі АЭС салуды қолға алды. Қырғыз елі энер­гияның басым бөлігін су ресурсынан алып отыр.

Біздің елдің экономикасы жылына 400 млн тоннадан астам көмірқышқыл газын ауаға шығарады. Басым бөлігі электр энергиясын өндіру мен халықты жылумен қамту саласына тиесілі. Нақты есепте біздің елде температура көтерілуі дүниежүзіндегі жағдаймен салыстырғанда ана­ғұрлым жылдам екені дәлелденді. Мысалы, кейінгі 100 жылда жер бетінің температурасы 1 градусқа жуық көтерілді. Ал көп жылғы зерттеудің нәтижесінде біздің елде әр жылда температура 0,28 градусқа немесе 35 жылда 1 градусқа көтеріліп жатқаны анық­талды. Салдарынан өзен-көл­дерде су тартылып, көп жер шөлейтке ай­налып барады. Елдегі экологиялық жағ­дайды түзеуге бет бұрмасақ, 2100 жылға дейін температура 3 градусқа көте­­рілу­і мүмкін. Бұл жағдай экономика мен ха­лық тұрмысына орасан зор зиян тигізеді. Сон­дықтан Үкімет климат өзгеруін қатаң бақы­лап, жағдайды реттейтін тиісті шара­лар­ды жылдам іске асыруға тырысып жатыр.

Экология мен климат өзгеруін былай қойғанда, ерте ме, кеш пе, қазба байлықтың таусылатыны анық. Демек отын таусылса, адамзат не істеуі керек? Адамның жер бетінде тұрақты тіршілік етуіне энергияның таза әрі шексіз көзі ғана мүмкіндік сыйлайды. Сон­дықтан аталған жағдайларды ес­керіп, мемлекеттерді энергияның таза көзіне көшуге мәжбүрлейтін нақты тетік анықтала бастады. Алғашқысы 2026 жыл­дың басынан тәжірибеге енбекші. Тетіктің бірі – трансшекаралық көміртегін реттеу нұсқасы. Соған сәйкес Еуроодаққа экспорт жасайтын кез келген мемлекет өз өнімінің экологиялық тұрғыдан таза екенін дәлелдеуге тиіс. Егер импортталатын затты өндіру Еуропада орна­лас­қан өндіріспен салыстырғанда лас екені анықталса, ондай өнімге қосымша салық салынып, бірте-бірте Еуроодаққа келуіне тосқауыл қойылады. Бұл біздің экспорттаушы кәсіпорындарға оңай тимейді. Жетекші мемлекеттер арнайы қор құрып, экономикасы тұрақты елмен озық технологиясын бөлісуді жоспарлап отыр. Өндірісті жаңартуда белсенділік танытқан елдің бизнес өкілдері ғана бұл қордан қаражат алады. Осындай тетік кө­ме­­гімен жетекші мемлекеттер кен отын көзін пайдалануды шектеп, дүниежүзі эко­но­микасының жасылдануына ықпал етпекші.

Былтырдан бастап Еуропада көміртегі салығы («carbon tax») енгізілді. Осының өзі отандық өнімнің экспортын едәуір қиындататыны қазірдің өзінде белгілі болды. Себебі аталған жағдайға орай кез келген тауарға қойылатын техникалық регламент, стандарт пен талап өзгерді. Жалпы, дүниежүзілік дамудың дәл қазіргі кезеңінде әлемдегі әрбір елдің халық­­аралық бе­делі көп жағдайда көмір­тегін қолданбайтын экономикаға бет бұры­сы­мен айқындалатынын айтқанымыз жөн.

Қорыта айтқанда, дүние­жүзінің алдың­ғы қатарлы елдері атом энергиясына иек артып тұр. Сондықтан дәл осы мәсе­леде үрейге бой алдырудың ешқандай қажеті жоқ. Бұл жұмысты кейінге қалдыра беруден ұтылмасақ, ұтпайтынымыз анық.

 

Жақсыбек ҚҰЛЕКЕЕВ,

мемлекет және қоғам қайраткері

Ұқсас ақпараттар

ШЫМКЕНТ: АЛҚАБИЛЕРДІҢ ҚАТЫСУЫМЕН ҚАРАЛАТЫН ІСТЕРДІҢ САНАТЫ ҰЛҒАЯДЫ

smarttop

ШЫМКЕНТ: ӘКІМШІЛІК РӘСІМДІК-ПРОЦЕСТІК КОДЕКС – ЖАРИЯ-ҚҰҚЫҚТЫҚ ДАУЛАРДЫ ШЕШУДІҢ ЕРЕКШЕ ТЕТІГІ

smarttop

БАЛА САУЛЫҒЫНА САПАЛЫ ҚЫЗМЕТ ЕТЕТІН МЕКЕМЕ

smarttop

Пікір қалдыру