Абай ауданы Полиция басқармасына жергілікті тұрғын арызданған. Оның айтуынша, танысы құрылыс компанияларының бірінен 3 бөлмелі пәтер әперемін деп әбден сендірген. Осылайша 11 400 000 теңгесін алдын ала иемденіп алған. Алайда арада уақыт өте танысы не пәтерін, не ақшасын қайтармай ізін суытқан.
Аталған жайтты ашу мақсатында Абай АПБ-ның тәжірибелі қызметкерлерінен жедел-тергеу тобы құрылды. Полицейлер жедел-іздестіру іс-шараларының нәтижесінде, тұрғынды алдап-соққан азаматшаның жеке-басын анықтап, басқармаға жеткізді. Ол 28 жастағы қала тұрғыны болып шықты.
Белгілі болғандай, ұсталған азаматша арызданушыдан алған қаражатты өзінің бас пайдасы үшін жаратып жіберген. Қазіргі оған қатысты ҚР ҚК 190-бабымен (Алаяқтық) сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде. Сонымен қатар, оның осыған ұқсас басқа да қылмыстарға қатысының бар жоғы анықталуда.
Осы орайда, шымкенттік тәртіп сақшылары қала тұрғындарынан алаяқтардың арбауына түсіп қалмауды сұрайды, белгісіз азаматтарға артық сенім білдірмеу керектігін қатаң ескертеді.
Егер Сіз, алаяқтықтың құрбаны болсаңыз, тез арада полицияның «102» арнасына хабарласыңыз.