Армысың халқым!
Еншілеп берген асыл төріңді,
Сыйлағанды шын сыйлай біл.
Сұрасаң менің аты-жөнімді,
Михайл ұлы Михайл.
Болады мұны жетістік деуге,
Арылып ұлтшыл, шартты ойдан
«Айналайын» деп Оңтүстік өлке,
«Мәди» деп маған ат қойған.
Мұсылмандықты қабылдағанмын,
Алланың бағы қонар деп.
Алматыдағы оқуға аттандым.
Тәртіп сақшысы болам деп.
Оралдым сосын туған жеріме,
Арысым-қимас бақты өлкем.
Қызмет етем деп туған еліме,
Қазақстанға ант бергем.
Лейтенант шенмен адалдық үшін,
Жұмысқа шындап берілдік.
Ұнатып сосын қазақтың қызын,
Жар етіп алдым өмірлік.
Шыққан тегім сол орыс болса да,
Біте қайнасып бұл елмен.
Қазақ тілімен қарыштап алға,
Қазақ боп өмір сүрем мен.
Бұл ұлты орыс болса да, жүрегі қазақ деп соғатын полиция қызметкері Михаилдің (қазақша есімі Мәди) «Татулық – тәуелсіздіктің тірегі» атты республикалық фестивальде айтқан өлеңі. Өзін өлең жолдарымен таныстырып, қаражорға билеген Мәди, ҚР Ішкі Істер министрлігінің ұйымдастыруымен өткен іс-шарада көрерменнің көзайымына айналып, ерекше көзге түсті. Балалар үйінде тәрбиеленген антына берік сақшы қазақ тілінде мүдірмей сөйлеп, өзге ұлт өкілі болсаң да мемлекеттік тілді меңгеруге мүмкіндік көп екенін дәлелдеді. Нәтижесінде арыстық полицейдің мемлекеттік тілді жетік меңгергені, қазақ тілін қызметте, араласатын ортасында үнемі қолданатыны, қоғамдық іс-шараларға белсене қатысатыны ескеріліп, ІІМ «Алғыс хатымен» марапатталды.
Нақтырақ айтсақ бұл іс-шара мемлекеттік тілді меңгерген өзге ұлт өкілдеріне қолдау көрсету, мемлекеттік тілді насихаттаумен қатар ішкі істер органдарында тілдік ортаны қалыптастыру мақсатында өткізілді. Қазақстан халқының бірлігі күні қарсаңында ұйымдастырылған шараға қазақ тілін жетік меңгерген 19 полиция қызметкері қатысты.
Өз кезегінде мемлекеттік тілдің қолданысын кеңейтіп, қазақ тілінің мәртебесін арттыруға және түрлі ұлт өкілдері арасында татулық пен ынтымақтастықты нығайту ісіне үлес қосып жүрген учаскелік полиция инспекторы Михаилға алғыс білдіре отырып, қызметіне сәттілік тілейміз!