Бүгін Шымкент қаласының әкімі Мұрат Әйтеновтің төрағалығымен аппараттық жиын өтті. Мәжілістің күн тәртібінде көктемгі дала жұмыстарына дайындық барысы мен халықтың табысын арттыру мәселелері қаралды.
Жиында алғаш болып сөз алған ауыл шаруашылығы және ветеринария басқармасы басшысының орынбасары А.Жанбатыров осы жылы егіс көлемін 29,8 мың гектарға жеткізу жоспарланып, егіс көлемінен 90,1 мың тонна өнім алу көзделгенін атап өтті.
Еске салсақ, былтыр 29,3 мың гектарға түрлі дақыл егіліп, 85,4 мың тонна өнім жиналған болатын.
«2022 жылы көктемде қала бойынша 2,5 мың га алқапқа жаздық дәнді дақылдар егіледі. Сонымен қатар, 10,4 мың га күздік дәнді дақылдар алқабының егісі барын ескерсек, жалпы дәнді дақылдар егісі 13 мың га алқапты құрайтын болады. Бұл жалпы егістік құрылымының 43,6% құрайды. Қалада ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілер астық тұқымдарымен толық қамтамасыз етілген. Сонымен қатар «Оңтүстік-батыс мал және өсімдік шаруашылығы ғылыми-зерттеу институты» ЖШС-де тұқымның жалпы 107,7 тонна қоры бар»,-деді сала маманы.
Көктемгі дала жұмыстарына қажетті 1000 тонна жанар-жағармай арзандатылған бағамен берілетінін айтқан ол бүгінгі күнге шаруалардың өтінімдеріне сәйкес 134 тонна жанар-жағармай литріне 189 теңгеден босатылғанын жеткізді.
Қала басшысы көктемгі дала жұмыстарын мерзімінде және тиісті деңгейде жүргізуді, қалаға қажетті көкөністерді жылыжайларда өсіру үшін жылыжай иелерімен жұмысты күшейтуді және тозығы жеткен техникаларды жаңарту үшін, шаруаларға мемлекет тарапынан көрсетілетін қолдаулар туралы түсіндіруді тапсырды.
Халықтың табысын арттыру жайын баяндаған қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасының басшысы Б.Нарбекова 2021-2025 жылдарға арналған даму жоспары бойынша биылғы жылы 58 мыңға жуық адамға жұмыспен қамту шаралары көрсетілетінін, оның ішінде 35 мыңнан астам орын тұрақты, 22 420 орын уақытша жұмыс орындары екенін мәлім етті.
Осы бағыттағы жұмыстарды жандардыру үшін қала әкімі Мұрат Әйтенов сала жетекшісіне жұмыспен қамту шараларын дамыту арқылы халықтың кірісін арттыру бойынша нақты шаралар қабылдауды, мемлекеттен көрсетілетін халықты қолдау шараларын ұйымдастыруды бақылауға алуды және салалар бойынша халық табысының ағымдағы ахуалына мониторинг жүргізуді жүктеді.
Барлық тапсырмалар қатаң бақылауға алынсын деп қала басшысы сөзін аяқтады.