Тәртіп сақшыларына елдегі қоғамдық тәртіп пен қауіпсіздікті сақтауда үлкен міндеттер жүктеледі. Олардың барлық жұмысы еліміздегі тиісті құқықтық тәртіпті қамтамасыз етуге, қылмысқа қарсы күреске, азаматтардың конституциялық құқықтары мен бостандықтарын қорғауға бағытталады. Азаматтардың қауіпсіздігі барынша қамтамасыз етіліп, халықтың тыныштығы сақталуы үшін олар күндіз-түні жүйелі жұмыс жүргізеді.
Мәселен, Төлеби ауданының полицейлері түнгі қауіпсіздікті сақтау мақсатында рейдтік шара жүргізді. Нәтижесінде полиция қызметкерлері Оңтүстік ауылына баратын тас жолдың бойында түнгі сағат 02:45 шамасында «Тойота Карина» маркалы автокөлігін тоқтатты. Жүргізушінің құжаттарын тексеру барысында оның Ақтау қаласының тұрғыны екені белгілі болды. Полицейлер оның мас күйіне күмән келтіріп, оған медициналық сараптама тағайындады. Зерттеу қорытындысына сәйкес, жүргізушінің алкогольдік масаң күйде екені анықталды.
Тәртіп сақшылары жүргізушіге ҚР ӘҚБтК-нің 608-бабы 1-бөлігі «Жүргізушінің көлік құралын алкогольдік, есірткілік және (немесе) уытқұмарлық масаң күйде басқаруы, сол сияқты көлік құралын алкогольдік, есірткілік және (немесе) уытқұмарлық масаң күйдегі адамның басқаруына беру» бойынша тіркеп, аудандық сотқа жолдады. Төлеби аудандық сотының шешіміне сәйкес, жүргізуші ҚР ӘҚБтК-нің 608-бабы бойынша кінәлі деп танылып, 15 тәулікке әкімшілік қамаққа алынып, 7 жыл мерзімге көлік құралын басқару құқығынан айырылды.